Курск облысындағы көпір қиратылған соң жүздеген РФ солдаты тұтқынға түсті
КУРСК. 16 тамыз. Курск облысындағы Сейм өзені үстіндегі көпірдің күлі көкке ұшқаннан кейін жүздеген ресейлік жауынгерді Украина әскерлері қоршауға алды. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Қарулы күштері Курск облысының Глушков ауданы жеріндегі Сейм өзені үстіне салынған маңызды стратегиялық көпірді HIMARS-пен атқылап жойып жібергеннен кейін РФ армиясы сапында үрей басталып кетті. Негізі, бұл ресейлік әскери бөлімдерге азық-түлік пен басқа да керек-жарақты жеткізіп тұрған ерекше өткел еді.
Осыдан кейін алдын ала есеп бойынша, Глушков ауданында тұрған 700-ге жуық Ресей солдаты қоршауда қалды. Бұл жайында орыстың «205-я отдельная мотострелковая бригада» Z-арнасы жан-жақты айтып берді.
«Глушков ауданы. Үрей көтерілді. Алдын ала есепке сай, жеке құрамнан 700 адам қоршауға түсіп қалды. Менің бұл айтқаным – әлі түк айтпағаным», – деп баяндады телеарна.
Бірақ мұның қаншалықты шындыққа жанасымды екені әлі белгісіз.
Айта кетейік, Сейм өзені үстінде сәл арыда, Званное селосы тұсында тағы бір көпір бар. Украина Қарулы күштері оны да бірнеше рет атқылап өтті. Қазір ол жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, – ол да анықталған жоқ.
Сейм өзеніндегі көпірлерді қирату Украина Қарулы күштерінің украин шекарасы түбіндегі Глушков ауданын өздеріне қарату ниеті бар екенін байқатады.