Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Париж-2024: Бүгін Мұхаммедсабыр мен Қамшыбек рингке шығады

ПАРИЖ. 29 шілде. Қазақстан құрамасы сапынан бүгін түнде боксшылар Мұхамедсабыр Базарбайұлы (суретте)  мен Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаң үстінде өз өнерлерін көрсетеді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Бұған дейін бір рет рингке көтеріліп, 1/16 финалдық іріктеу жекпе-жегін испаниялық Ойер Ибаррече Кондемен өткізіп, 5:0 етіп жеңген 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы үшін кестеге сай іле-шала 1/8 финалдық іріктеу сынағына шығатын уақыт та келіп қалды. Ол бұл жолы тайпейлік Лаи Чжуэньмен қолғап түйістіреді. Шайқас түнгі сағат 00:04-те басталады.

Осы күні өз өнерін көрсететін келесі бағланымыз – аса ауыр (+92 кг) салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық Аюб Гадфа Дриссимен күш сынасады. Оның жекпе-жегі сағат 00:52-де сөре алады.

Бүгін сондай-ақ өзбекстандық қазақ, 63,5 келіге дейінгі салмақтағы жұлдыздардың бірі Руслан Абдуллаев мексикалық Мигель Анхель Мартинес Рамиреспен жұдырықтасса, аса ауыр салмақтағы сайыпқыран Баходир Жалолов норвегиялық жалдамалы Омар Шихамен жұлқысады. Руслан рингке сағат 15:04-те, ал Баходир 20:06-да шығады.

Біздің атлеттердің қатысуларымен өтетін жекпе-жектерді Qazsport телеарнасында бүгін түнде сағат 22:55-тен бастап тікелей эфир арқылы жүргізілетін бағдарламадан көруге болады.

Жалпы, Qazsport телеарнасы бокстан репортаж жүргізуді сағат 18:25-те бастайды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button