Бокс: Таиландта Мұхаммедсабыр үшінші жеңісіне жетті, екі қызымыз ұтылып қалды
ТАИЛАНД. 29 мамыр. Таиланд астанасында өтіп жатқан олимпиялық іріктеу турнирінде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы өзінің үшінші шайқасын жеңіспен аяқтады. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Біздің 63,5 келіге дейінгі салмақта сынға түскен боксшымыз бүгін итальян Джанлуиджи Малангамен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті.
Осылайша Мұхаммедсабыр ширек финалға жолдама алды. Ол енді 31 мамыр күні 1/4 финалдың жекпе-жегін өткізеді. Онда да жеңіске жетсе, Олимпиялық ойындардың лицензиясына қол жеткізеді.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Бангкокта бұған дейін филиппиндік Кристиан Питт Лауренте мен түрік Мизан Айкөлді ұтқан болатын.
Турнирде бұл салмақ дережесіне 5 квота беріледі. Демек, жартылай финалда өнер көрсеткен 4 былғары қолғап шеберінен бөлек, ширек финалда қалып қойған төрт атлеттің арасындағы көрсеткіші ең жоғарысы да Олимпиадаға жолдама ала алады.
Өкінішке орай, бұл күні шаршы алаңға шыққан екі қызымыз да жарыс жолынан шығып қалды. Атап айтқанда, 60 келіге дейінгі салмақтағы Римма Волосенко үндістандық Анкушита Бородан, ал 66 келіге дейінгі салмақтағы Наталья Богданова сербиялық Кристина Кулуховадан аса алмады. Әсіресе, бұлардың соңғысының жеңілісі өкінішті болды. Есеп – 2:3. Негізі, жекпе-жек тең жағдайда өтті.
Сөйтіп, үш қызымыз Олимпиада жолдамасынан күдер үзді. Бұған дейін 54 келі салмақтағы Ұлжан Сәрсенбек АҚШ өкілі Шер Мэй Патрисиоға жол беріп қойған еді. Ал Римма Волосенко мұның алдында германиялық Мария Фелиситас Гангльбауэрді тізе бүктірген болатын.
Енді біздің құрама сапынан квота үміткерлері сапында Назым Қызайбай (50 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) ғана бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін бокстан Олимпиада жолдамалары Қытайдың Ханчжоу қалсында өткен Азия ойындары мен Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша берілген болатын. Осыған сәйкес ерлер жеті лицензияның алтауын, ал әйелдер алтаудың біреуін жеңіп алды.
Атап айтқанда, қазір біздің атлеттерден Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), әйелдерден Карина Ибрагимова (57 кг) Олимпиялық ойындарға қатысу мәселесін шешіп қойды.
Суретте: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы итальян Джанлуиджи Малангамен шайқас барысында