Путин Жеңіс парадында тағы Батысты ядролық соғыспен қорқытты
МӘСКЕУ. 9 мамыр. Ресей президенті Владимир Путин бүгін өткен Жеңіс парадында тағы да Батысқа қарап азу тісін ақситып, айбат шекті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Батыс элитасы әлемдік жанжалдың отын қоздатумен келеді, бірақ Ресей ешкімнің өзін қорқытуына жол бермейді, біздің стратегиялық күштеріміз ұдайы дайындық сапында тұр», – деп мәлімдеді РФ президенті Владимир Путин Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, Батыс әлемі Екінші дүниежүзілік соғыс жөніндегі «шындықты бұрмалауға» әрекет етеді, осылайша «отаршылдық саясатты» қолдайды.
Путин Ресейдің «кез келген мемлекеттің немесе альянстың өзгелерден жоғары болуға деген талпынысын» жүзеге асыртпай тастайтынын айтты. «Ресей жаһандық қақтығыстың орын алуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, бірақ біз сонымен бірге ешкімнің өзімізді қорқытуына жол бермейміз. Біздің стратегиялық күштеріміз әрқашан жауынгерлік дайындық сапында тұр», – дегенді қосты бұған Кремльдің қожайыны.
Мәскеуде өткен биылғы Жеңіс парадына бұрынғы кеңестік республикалар ішінен тек Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ғана келді.
Путинмен бірге Жеңіс парадын Беларусь. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Гвинея-Бисау, Лаос дәулеттерінің басшылары ғана тамашалап тұрды. Бұрын айтылғандардан Куба президенті де келмей қалды. Ал осы күндері Мәскеуде болып, Путинмен келіссөз жүргізген Армения премьер-министрі Никол Пашинян парадқа қатысудан бас тартты. Мұның алдында Ереван Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының бюджетіне қаржы аударудан да бас тартқан болатын.
Әскери парадта техникалардан жалғыз танк болды. Осы кезде Ресейдің Украинадағы соғыста 9 мың танкіден айрылғаны белгілі болды. Сол сияқты Қызыл алаңның төбесінен небәрі 15 ұшақ қана ұшып өтті.