Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Ақтөбе спорт мектебінде көз жұмған балаға қатысты тың дерек шықты

АЛМАТЫ. 16 сәуір. Ақтөбедегі балалар спорт мектеп-интерантын қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Қайрат Қайназаров ұлы әлімжеттіктің құрбанына ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы «Sputnik Қазақстан» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қыршыннан қиылған 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкірдің денесі жексенбі күні жер қойнына берілді. Марқұмның әкесі «баламның ажалы адамнан болды» деп отыр.

«Балам Бексұлтан – егіздің сыңары. Бес қыздан кейін Алладан сұрап алған ұлдарым. Егіздерім Бексұлтан мен Ерсұлтан спорт мектебінде бірге оқыды. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберіне кандидат. 2022 жылы Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданған. Бұл мекеме олимпиялық резервте, балалар жатып оқиды», – дейді Қайрат Қайназаров.

Қайғылы оқиға 11 сәуір күні мектеп-интернатта орын алған.

«Сағат кешкі 18:00-ден кейін жатақханадағы барлық қызметкер жұмысынан кеткен. Оқушылар тәрбиешілер кеткен соң өз шаруасына кіріскен. Жоғарғы сыныптың оқушылары, 10-сынып, 9-сынып, колледждің балалары бәрі жиналып, 10 баланы бөлмеге кіргізіп алып, әлімжеттік көрсеткен. Сондағысы бұлардан дөнерге ақша талап еткен, бұлар бермеген. Сол жерде соққыға жыққан», – дейді Қайрат Қайназаров.

Бексұлтан өмірден озар күні анасы алысқа жолға шыққан. Алға басқан аяғы кері кетіп, әбден әбігер болған. Бірақ ана жүрегі баласынан айрылатынын сезбеген.

«Барлық 10 баладан кеше полицияда жауап алынды. Балам соққыдан қайтыс болды, ал ғаламторда айтылған басқа ақпараттардың барлығы жалған. Соққы баламның жүрегіне тиген, тіземен жүрегінен тепкен, сарапшы тамыры жарылып кеткен деді», – дейді қыршын кеткен жасөспірімнің әкесі.

Оның айтуынша, бала жатақханада үзілген. «Жедел жәрдем» келгенше жүріп кеткен.

Бексұлтанның бауыры Ерсұлтан да бірге таяқ жеген. Бауыры дәл көз алдында құлаған.

«Ерсұлтанның жағдайы қазір нашар. Бәрі көз алдында болған. Баламның психикасы аяқасты бұзылып, ауырып жатыр. Ұрған балалар, қасында тұрған балалар, тәрбиеші, директор, бәрі өз жазасын алсын. Бұл әлімжеттік 10 күнде бола қойған дүние емес, бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан жүйе», – дейді қайғыдан қан жұтқан әке.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты мiндеттерiне адал қарамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Негізі, осы қайғылы оқиғаның ізімен республикадағы барлық мектеп-интернаттардағы ахуал бүге-шігесіне дейін мұқият тексерілуі керек деп есептейміз.

Мына жағдай аталмыш мектеп-интернаттың басшылығынан бастап, педагогтарына дейін қызметтен алынып, жауапқа  тартуға жатады. Осы оқиғаға титтей қатысы бар балалардың бәрі мектептен шығарылуы тиіс.  Өзгелерге сабақ болуы үшін қатқыл да қатаң қадамдарға бармай болмайды.

Болашақ спортшыларды емес, криминалды ортаның серкелерін даярлап жатқан мұндай тәрбие ошағын жауып тастаса да обалы жоқ.

 

Бұл қайғылы оқиға әлеуметтік желіде де кеңінен талқыланып жатыр. Белгілі журналист, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы Facebook-та мынадай жазба қалдырыпты. Біз оны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Жексенбі күні 14 жастағы Бексұлтан Қайратұлы Әбубәкірді жер қойнына тапсырдық.

Бексұлтан – Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиялық резерв мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы еді. Әке-шешесінің бес қыздан соң көрген егіз ұлының бірі-тін. Сыңары Ерсұлтан екеуі еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат атанып, жарыстарда көзге түсіп жүрді. Болашағынан ел үміт күткен оғлан еді. Әке-шешесінің айтуынша, ол жоғары сынып оқушыларының бірінің оқыс соққысынан қаза тапқан. Оны дәл сол кезде Бексұлтанның қасында болған сыңары Ерсұлтан растап отыр. Қазір қылмыстық іс қозғалды.

Кеше республикалық, жергілікті БАҚ өкілдері Бексұлтанның әке-шешесінен сұхбат алды. Мектеп-интернаттың басшысымен жүздесті. Ақтөбелік әріптестерімізге алғыс айтамыз.

Ерсұлтанның айтуынша, әлімжеттік бұрын да жасалып келген. Соңғы «разборка» палуандар күресетін кілемнің дұрыс жиналмауынан болған. Жоғары класта оқитындар бұған 8-сыныптың 10 баласын кінәлі деп тапқан. Соңы өліммен аяқталды…

Меніңше, бұл мәселе індете зерттелуі керек. Сосын бұл – осы мектеп-интернаттағы ғана жағдай емес екені мәлім. Мектепте түрменің, көшенің тәртібін орнықтыруға болмайды. Сосын бар мәселені жасырмаған абзал. Жасырған дүние бір күні күбірткі секілді жарылады. Міне, жарылды…

Аталған мектеп-интернат талай спорт саңлағын тәрбиелеп шығарған орын. Ол – үлгілі оқу ордасы болуға тиіс еді. «Тәртіп болмаған жерде білім қалай болады…» – деп еңірейді егіздердің анасы Зоя. Рас қой…

Құзырлы органдар бұл мәселені аяғына дейін жеткізеді деп сенеміз!»

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button