Қайрат Сатыбалдының «гаремі» түгел шетелдегі мүліктерінен айрылып жатыр
АЛМАТЫ. 9 сәуір. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір жұрағаты Қайрат Сатыбалдының қаптаған әйелдерінің бәрі дүние-мүліктерінен айрылып жатыр. Бұл туралы nege.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бір қызығы, бұл әулет еркектері кейбірінің «гаремдері» бар екені жөнінде көптен бері аңызға бергісіз қауесет айтылып келеді. Соның ішінде Нұрсұлтанның өткен жылы қайтыс болған інісі Болат Назарбаевтың қатынқұмарлығына және оларды қалай ала қоятынына қатысты әңгімеде шек жоқ-тын. Шамасы, Нұрсұлтан осы сантехник інісіне «жер бетінде жұмақ орнатып беру үшін» ғана қалың қазақ жұртына президент болып, таққа отырған сияқты. Ал Нұрекеңнің ертеректе марқұм болып кеткен тетелес інісі Сатыбалды Назарбаевтың бел баласы Қайрат жасы мен жолы үлкен Болат ағасының маңайына жақындай алмаса да, ел білетіндей бірнеше кәнизактың егесі болып үлгеріпті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректерінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің ұлы (демек, оның өзінің де баласы) Қайрат Сатыбалдының бір емес, төрт бірдей нақсүйері бар екені анықталған. Мұның жай-жапсарын «Выход к морю» атты телеграм-арнасы тарқатып жазды.
Қазір бұл мемлекеттік орган шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында Қайрат Сатыбалдының артынан шам алып түскенге ұқсайды. Тіпті, оның атындағы дүние-мүліктерді ғана емес, әйелдерінің атына тіркелген Мәскеудегі, Франциядағы және Дубайдағы элиталық пәтерлер мен үйлері де тәркіленгені анықталып жатыр.
Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген дүние-мүліктердің тізімінде жылжымайтын мүліктер, көліктер, банк салымдары мен құнды қағаздар да бар. Қайрат қана емес, Жерорта теңізінің саф ауасымен демалып, Дубайда күнге қыздырынуды ұнататын ерке тоқалдары да үйсіз, күйсіз қалатын сыңайлы.
Айталық, Қайрат Сатыбалдының ең жас әйелі Марсела Нұрсұлтанның (әдепкі шын фамилиясы – Марсела Александровна Александрова, кейінгі бір фамилиясы «Мартиросян» болған, ал «Нұрсұлтан» деген мүлде жалған текті ол Қайраттың рұқсатымен өзі жаздырып алса керек. – ред.) Мәскеу қаласындағы «Золотые ключи» элиталық тұрғын үй кешеніндегі құны 1 млрд теңге тұратын керемет апартаментінен айрылғаны бұған дейін айтылған еді. Сонымен қатар, оның 1987 жылы 27 қарашада Қалмақстанда дүниеге келгені, есейгеннен кейін Ставрополь өлкесінде тұрғаны, соңынан Мәскеуге қоныс аударғаны, сондай-ақ кәсіби мамандығы шаштараз екені аян. Қайратқа дейін де байға тиіп үлгерген бұл қатынның атына тіркелген пәтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жариялаған жылжымайтын мүліктердің тізіміне кірді.
Енді Марселадан өзге үш әйелі де шетелдегі теңіз жағасындағы үйлерінен біржола айырылған тәрізді. Аталған орган жария еткен роликте Францияның оңтүстігінде Антиб шығанағындағы бір үй көрсетілген. Қазір осы үйдің жай-жапсары, қалай сатып алынғаны, кімдерге тиесілі екенін белгілі болып отыр. Ғимарат Parc du Cap’s элиталық тұрғын үй кешені деп аталады. Жемқорлыққа қарсы органның мәліметінше, сол Parc du Cap’s-тегі Сатыбалдының жылжымайтын мүлігі де тәркіленген. Оның құны €8,5 млн немесе 4,2 млрд теңге тұрады.
Айтса айтқандай-ақ, бұл керемет кешен екен. Іргесінде Мишлен ресторандары, ғажайып жағажай және Франциядағы ең үлкен яхта тұрақтарының бірі тұр. Кешен ең сенімді күзет жүйесімен жабдықталған. Жерасты паркингі, тренажер залы, спа орталығы, сауна, бассейні бар. Терезелерінен теңіз айлағы көздің жауын алып, «мен мұндалап» шақырады.
Сонда, бұл үй кімнің ақшасына, қалай сатып алынған? Бұған аз кем тоқтала кетейік. Францияның көршілес ел Монакода Parc du Cap’s-тен автокөлікпен бір сағатта жетуге болатын бір бизнес орталығы бар. 2017 жылы 22 желтоқсанда ол жерден KS Propriete, SK Propriete, AB Propriete және GK Propriete атты төрт бірдей компания ашылыпты. Осы компаниялар аталған тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтер сатып алған. Қазір мұндай апартаменттер сатылымда жоқ екен. Бірақ осы кешеннің сайтынан пәтерлердің қымбат материалдармен әрленгенін, заманауи климатты басқару жүйелерінің қойылғанын, террассаларын көруге болады.
«Монакода ашылған компаниялардың алғашқы әріптерінен иелерінің аты-жөнінің бірінші әріптерінен құралғанын байқауға болады. Олар – Қайрат Сатыбалды, Саида Қанатбекқызы, Әсел Бахтиярқызы және Гүлмира Қауасқызы. Соңғы үшеуі – Қайраттың әйелдері», – деп жазады телеграм арнасы. Демек, жоғарыда атап өтілген Марсела Нұрсұлтан оның тіркелген төртінші бикесі болып отыр ғой.
Сатыбалды тегін алған Гүлмира – некесі ресми түрде қиылған бірінші әйелі. Ал Саида мен Әсел Қайраттың кәнизәктары ғана емес. онымен бірге түрлі бизнесті бірге жүргізіс келіпті. Дубайдағы жылжымайтын мүлік соларға тиесілі болып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ақпарына қарағанда, БАӘ-дегі үй тәркіленген.
Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалдының үстінен кезекті сот отырысы жалғасып жатыр. Ол 2022 жылдың қыркүйегінің аяғында 6 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ол кезде «Қазақтелекомға» материалдық шығын келтірді және ұрлық жасады» деп айыпталған. Бұл телекоммуникациялық оператордың ірі акциялар пакеті Қайрат Сатыбалдыға тиесілі еді. Оның үстінен қозғалған «қылмыстық істе қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырғаны» үшін айып тағылған. Осы бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ғажап емес. Десе де, үкім жеңіл болу әбден мүмкін. Өйткені, Сатыбалды тергеушілермен мәмілеге келіп, өз кінәсін толық мойындап, заңдастырған активтерін мемлекетке қайтаруға әзір екенін мәлімдеді.
Айта кету керек, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулеті биліктен кетті. Содан кейін шетелге заңсыз шығарылған активтерді жаппай елге қайтару науқаны басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, осы уақыт ішінде Қайрат Сатыбалды елге жүздеген миллион долларды бюджетке қайтарыпты. Әзірге дейін Қазақстанға қайтқан жалпы қаражат – 600 млн АҚШ доллары. Соның дені Қайраттың дүние-мүлкі көрінеді.
Суретте: Марсела деген осы!