Қазақстан Ресейге тәуелді болмау үшін Құрық портын жаңғыртуды қолға алды
АСТАНА. 26 наурыз. Қазақстан Ресейді айналып өтіп, шетелмен тікелей сауда қатынасын жүргізу үшін Құрық портын әлеуеттендіруге күш салып жатыр отыр. Бұл туралы inbusiness.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша Каспий теңізіндегі тәуелсіздік туындысы саналатын отандық кіші теңіз портының жаңа тынысы ашылғалы тұр.
Кеңес Одағы күйрегелібері Қытай мен Еуропа арасындағы ғаламат жүк ағыны құрлық, Ресей аумағы арқылы тоқтаусыз тасқындады. Соның салдарынан Қазақстанның теңіздегі порттары өткен отыз жылдық ойран кезеңінде «жол жиегіне» шығып тұруға мәжбүр болды. Бұл, әсіресе, Құрық портына қатты соққы болып тиді. Сөйтып айлақ құрлықтағы дәлізге жол беріп алды, өзінен әлеуеттілеу Ақтау портының тасасында қалып қойды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балама жолдарды дамыту міндетін қойған соң, 2020 жылғы ақпанда депутаттар мен Үкімет мүшелерінен тұратын үлкен делегация Ақтау және Құрық портарының жұмысымен танысқан еді. Олар порттарды кең ауқымды өркендету үшін қандай ірі жобаларды жүзеге асырып, қандай теңіз инфрақұрылымын салу керектігі туралы мамандардың ой-пікірін, ұсыныс-идеясын тыңдады.
Соның өзінде шенеуніктер Құрыққа қолды бір сілтегендей болды. Оны дамытудың «экономикалық орнықтылығы шамалы» деген байлам жасалды. Басты назар Ақтауға ауды.
Атап өтетін жайт, кеңес заманында болған Ақтау портымен салыстырғанда, Құрық – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның өзі тұрғызған төл айлағы саналады. Бастапқыда Құрық паром кешені Иран, Әзербайжан, Сакартвело (Грузия), Түркия, Румыния порттарымен жұмыс істепті. Бертінде оған Әзербайжаннан ғана паромдар келетін болды.
Құрықтың басқа да басты проблемалары толып жатты. Онда бірде бір қазақстандық паром болмады. Бұл портта тіпті көтергіш алып крандар да орнатылмаған, соның кесірінен, контейнерлерді жедел тиеп, түсіре алмайды. Оның үстіне порт әу бастан белгілі бір жүк түрлеріне ғана мамандандырылды. Тиісінше, оның функциясы қатты шектелді. Тәуелсіз Қазақстанның үкіметтері де өткен онжылдықтарда қалыптасқан жағдайды өзгертуге күш салмады.
Бірақ Құрық – айлақтардың ішіндегі қоры емес еді. «Құрық порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметовтің мәліметінше, Құрық портының басты артықшылығы – оның географиялық орналасқан жері. Каспийдегі кез келген порттан жүктер Ақтау портына қарағанда, Құрық портына төрт сағат тез жетеді. Бұл – тасымалдаушылардың көп қаржысын әрі уақытын үнемдейтіндіктен, өте маңызды. Бұл – айлақтың экономикалық тиімділігін көрсетеді.
Бұдан бөлек, КСРО заманынан ласталған Ақтау портына қарағанда, Құрық экологиялық таза аймақ саналады. Демек, оған круиз лайнерлері келе алар еді. Туризмді дамытуға да жағдайы жетеді.
Тағы бір артықшылығы сол, «Қазақстан темір жолының» магистралді теміржолдары бұрыннан бері тікелей порт аумағына дейін кіргізілген. «Боржақты – Ерсай» жаңа теміржол желісі де Құрық паром кешенін шойын жолмен жалғады. Ақтау мен Құрық арасы байланыстырылды.
Ахуал 2022 жылы өзгерді. Бүгінде Ресейді айналып өтетін бағыттар стратегиялық маңызға ие болды. Бұл тұрғыда көршіні орағытып өтетін басты дәліз – «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» (ТХКБ) дамуы бұрын-соңды болмаған серпін алды.
Бұл маршрутте Қытайдан шыққан жүк қазақ жерімен Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарына жетеді де, олардан теңіз айдынымен Әзербайжанның Алят портына жөнелтіледі. Одан әрі Сакартвелоның Қара теңіздегі Поти порты арқылы не тікелей Еуропаға бағыт алады, немесе Түркияға жетіп, содан кейін Еуропаға жеткізіледі.
«Уикипедия» дерегінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жүк тек 2017 жылы тасыла бастапты. Алғашқы жылы небәрі 300 TEU-контейнерді артқан 3 пойыз Әзербайжан, Түркия және Украинаға сапарлаған. 2018 жылы осы бағытпен жеткізілген контейнерлер саны 3,9 мыңнан аспады. 2019 жылы – 7,4 мың, 2020 жылы – 8,1 мың ғана болды. 2021 жылы мүлдем тоқтап қалды.
Ал 2022 жылы бағы ашылған бұл бағытпен тасылған жүктің ағыны 2020 жылғыдан 4 есе өсіп, 33 мың контейнерді құрады. Былтырғы 2023 жыл қорытындысында тағы үш есе ұлғайып, 100 мыңға жетті. Мұндай қарқын биыл да сақталуда. Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, 2024 жылдың басында 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, ТХКБ арқылы жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті.
Осы орайда Үкімет Құрық портына деген ұстанымын қайта қарап, көзқарасын өзгертті. Енді Құрық порты қосалқы айлақ болып қалмай, тұтас логистикалық кластерге айналмақ.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2018 жылдары мұнда жылына 6 миллион тоннаға дейін жүкті өңдейтін паром кешені салынған еді. Бұл енді аздық етіп отыр.
Бүгінде Құрық порты Әзербайжанның Бакы және Иранның Анзали порттарымен тұрақты паромдық қатынас орната алды.
Көлік министрлігі «Құрық портын логистикалық кластер ретінде қалыптастыруды қамтитын теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының» жобасын әзірледі.
«Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары порттарымыз арқылы жүктерді тиеу көлемін жылына қазіргі 21 миллион тоннадан 32 миллион тоннаға дейін арттыруды қарастырады. Осы мақсатта теңіз порттарының терминал қуаттарын салу және реконструкциялау арқылы көлік-логистикалық инфрақұрылымы дамытылады. Құрық арқылы жөнелтілетін жүктердің қолданыстағы номенклатурасы кеңейтіледі, сондай-ақ халықаралық тасымалдау логистикасы, сервисі дамытылады, теңіз көлігі цифрландырылады», – деп түсіндірді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен де қаржы бөлінеді, бюджеттен тыс қаражат пен жеке инвестициялар да тартылады. Тиісті бюджеттік өтінімдерді министрлік Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығаруы үшін Қаржы министрлігіне жіберетін болады.
Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта Құрық портында «Саржа» көп функционалды теңіз терминалын тұрғызу жобасы іске асырылуда. Ол астықты, басты жүктерді, контейнерлік, үйінді және құйма жүктерді қабылдап, жөнелтетін терминалдық қуаттылықты ұлғайтады. Ол бойынша мұнай тасымалдау да мүмкін болмақ.
Өз кезегінде «Құрық порты» ЖШС жүк тасымалының тұрақты көлемін кепілдендіретін жүк жөнелтушілерге және жүк тасымалдаушыларға жеңілдікті шарттар ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Әрине, көңіл бөліп, зер сала қарап, зерделегенде, Құрықтың жаңа проблемалары ашылды. Мысалы, ол арқылы өтетін жүктерді кедендік ресімдеу және тазалау күрделі екені, көп уақыт алатыны анықталды.
Бұл ретте Құрық портында Көлік министрлігінің қолдауымен АҚШ-тың USAID Халықаралық даму агенттігінің қаражатына «Терминал операциялық жүйесі» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыс 2023 жылы қайта басталды. Оның аясында 2024 жылдың соңына дейін «Астана-1» кеден жүйесімен, теміржол тасымалының операторы «ҚТЖ» ұлттық компаниясының және Бакы портының жүйесімен интеграциялау жоспарлануда.
Құрықты тұрақты қуатпен қамту да күрмеулі мәселе. Бұл порттың үздіксіз өндірістік қызметін қамтамасыз ету үшін ауданды қажетті инженерлік коммуникациялармен: энергиямен, газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ ұялы байланыс қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Осы мақсатта келесі 2025 жылы Құрық порты терминалдары мен аралас кәсіпорындарын электрмен жабдықтайтын 110 кВ желілерін тарту жоспары дайындалады. Жоба «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ-ның 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасына енгізілмек.
Бүгінде Құрықтың айналасында шағын кенттер, ауылдар ғана орналасқан. Болашақта ол жақта үлкен қала бой көтеруі мүмкін.
«Кешенді жоспарды іске асыру таяудағы 5 жылда Ақтау және Құрық теңіз порттарының базасында теңіз инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмейді. Жоспар өңірді де өркендетуді қарастырады: дамыған көліктік-логистикалық кластер құрылады, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік деңгейі көтеріледі, жаңа жұмыс орындары құрылады. Сондай-ақ айналасында шағын және орта бизнес өркен жаяды», – деп мәлім етті Көлік министрлігі.
Каспий теңізінің таяздануы Құрыққа да кесірін тигізді. Қайраңдап тұрып қалмау үшін кемелер толық жүктеле алмайды. Бұл проблеманы шешу үшін биыл «Құрық теңіз портының акваториясын және оған жақындауға арналған каналдың түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі». Бұл жоба бюджеттен кем дегенде 25 миллиард теңгені талап етеді екен. Жобалық құжаттама әзірленген соң бұл сома қайта қаралады.