Ресейдің екі өңірінде орыс еріктілері топтары Путинге қарсы соғысуда
КИЕВ. 13 наурыз. Ресейдің Белгород, және Курск облыстарында орыс еріктілерінің жасақтары үш күннен бері РФ билігіне қарсы рейдтер жүргізіп жатыр. Бұл туралы «Диалог.ua» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осының қарсаңында Ресей еріктілерінен құралған «Свобода России» (СР), «Русский добровольческий корпус» (РДК) және «Сибирский батальон» жасақтары РФ-ның Курск және Белгород облыстарының территорияларына тағы да басып кірген еді. Еріктілер құқық қорғаушылар ғана емес, Ресей армиясының бөлімшелері қашып шыққан Тетерикино селосын бірден өздеріне қаратып алды.
Наурыздың 12-сі күні түнде, сағат 23:00 шамасында РДК командирі Денис Никитин видеожазба арқылы бүкіл ресейліктерге үндеу жариялады. Ол өз сөзінде корпустың тағы да Ресей шекарасын кесіп өтіп, елге келгенін мәлімдеді. Корпустың алдында тұрған басты міндет «Путиннің өзінің өлімі» мен оның «қанды режимінің» құлауын жақындату екенін айтты.
Никитин қанышер диктатордың РФ президенттігіне қайта сайланып, өлгенінше осы тақта отыра беретініне еш күмәнданбайды. Себебі, бұл сайлаудың нәтижесі түгелдей қолдан жасалады.
Осы аралықта, 12 наурыз күні СР легионының командирі Алексей Барановский украин ресурстарына сұхбат берді. Ол алда оккупанттарды «қайнаған ыстық түндердің» күтіп тұрғанын баяндады. Кешегі ұрыс қимылдарының зор майданның ілкі шағы, көп актілі пьесаның бірінші бөлімі екенін сөз етті. Еріктілердің РФ территориясында президент сайлауына дейін болатынын жеткізді.
Барановскийдің сөзіне қарағанда, легион жауынгерлері кешелі бері РФ армиясынының бірнеше бронды техникасын жойып жіберген. «Свободная Россия» сондай-ақ Белгород қаласына жасалған дрондар шабуылының жауапкершілігін де өз мойнына алды.
Путин әскерлері Белгород жерінде еріктілер тарапынан ұйымдастырылған жаңа операцияға қарсы тұруға дайын болса, Курск облысының территориясында олар ешбір қарсылықсыз беріле салған.
Барановский жаңа операцияның әскери де, саяси да мақсаттары бар екенін мәлімдеді. Олар бір жағынан Путин өз шекарасын қорғау үшін армиясының бір бөлігін Белгород жеріне аттандырғанын қаласа, екінші жағынан диктаторға соғыстың РФ территориясына жақын қалғанын ескертуді, мұнда да оған қарсы соғысуға ынталы адамдардың бар екенін білдіруді жөн көрген.
СР командирі Курск және Белгород облыстарында рейдке қатысып жатқан ресейлік еріктілер ел территориясында қала беретінін атап өтті. «Біз ешқайда кетпейміз. Курск және Белгород облыстарының территорияларында қанша уақыт болатынымыз жөніндегі сұрақ – басқа мәселе… Күтпеген жерден берілген соққының әсері күшті болды. Ресей армиясы терең тылға барып тығылды. Ондағы полицейлер жұрттың алдына түсіп, үдере қашты. Олар тек жемқорлықпен айналысуға, қорғансыз қарттар мен студенттерге қысым жасауға үйреніп қалған ғой. Ал адамдар қолдарына қару алып, бұлардың өздерінен қорғануға әрекет ете бастаса, алды-арттарына қарамай зытады. Жағдайдың бұдан әрі қалай қалыптасатынын көреміз. Бірақ қазір ұрыс қимылдары аздап азайды. Мен Курск облысында алдағы түн әшейін өте салмайды ғой деп ойлаймын», – деді ол.
Барановский сондай-ақ Путиннің диктаторлық режиміне қарсы адамдардың бәрін өз қатарларына қосылуға шақырды. «Біз ешқандай да диверсиялық топ емеспіз. Біз – Ресейді Путиннен азат ететін армиямыз… Сондықтан оппозиционерлерді қатарымызға келіп қосылуға шақырамыз. Біз Путинді тесіп өтетін найзаның ұшы болуға тиіспіз», – деді ол сосын.
Әскери қызметкер сонымен қатар ФСБ-ның рейдке шыққан топтар орасан зор шығынға ұшырады, жүздеген адамдары қаза тапты деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның мәліметінше, өз командасы шекараның қай мүйісінен кесіп өту керектігін алдын ала мұқият зерттеп барып, осы жорықты бастаған. Сондай-ақ операция жүргізілетін жерлер де солай таңдалған. Мұның бәрі шығынға барынша аз ұшырауға мүмкіндік жасаған.
«Біз, Ресей азаматтары, өз ерік-жігерлерімізді осылай көрсететін болып шештік. Біле білсеңіздер, мұны сайлауға алдын ала дауыс беру деп қабылдаңыздар», – деді Барановский соңында.