Путин таяу күндері Днестр бойын да аннексиялап алғалы жатыр – БАҚ
ТИРАСПОЛЬ. 26 ақпан. Ресей диктаторы Владимир Путин жақын күндерде Молдованың бір бөлігін басып алуы мүмкін. Бұл туралы «Европейская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған молдован жеріндегі орыс сепаратистерінің мойындалмаған Днестр бойы (Приднестровье) деп аталатын автономиясының өздерін «РФ-ға қосып алу» жөнінде қабылдайтын үндеуі басты себеп болмақшы көрінеді.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ешкім мойындамаған Приднестровьенің «депутат» деп аталатын сепаратистері 28 ақпан күні Ресейге үндеу арнамақшы, ал ертеңіне қандықол Путин Молдованың осы аймағын аннексиялап алатынын жария етеді.
Мұны Румынияның Digi24 телеарнасы Днестр бойының Геннадий Чорбу деген оппозиционерінің сөзіне сілтеме жасап, эфирге таратты. Оның айтуынша, 28 ақпан бекерге таңдап алынып отырған жоқ, келесі 29 ақпанда, яғни айдың ең соңғы күні Путин алдын ала жоспарланып қойылған үндеуді желеу етіп, өзінің қарғы баулы төбеттерін Днестр бойына айдап салады.
Оппозиционер жақында Молдова тарапынан жасалып келе жатқан «экономикалық қысымға» наразылық білдірген сепаратистер осы «қарсылық акциясы» арқылы «Днестр бойы жұртының Кишиневке қарсы екенін көрсетуге» тиіс болғанын жеткізді. Чорба сондай-ақ РФ қорғаныс министрі Сергей Лавровтың бұдан бірер күн бұрын «Мәскеу Днестр бойындағы өз азаматтарын қорғансыз қалдыра алмайды» деген мәлімдемесінің тектен тек айтылмағанына назар аударады.
«Европейская правда» өз кезегінде «Приднестровье депутаттарының съезі» соңғы рет бұдан 17 жыл бұрын өткенін, соның нәтижесінде «аймақтың РФ құрамына кіруіне қолдау көрсету» туралы шешім қабылданғанын атап өтеді. Бұл жолғы съезд сол мәселені қайта көтеріп, нақтылы қадамдарға барады.
«Съездің мақсаты – Тираспольдің әлі күнге дейін РФ-ға қосылғысы келетініне айғақтау», – деді днестрбойылық сепаратист Вадим Кравчук жергілікті телеарнада.
Еске сала кетейік, Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) аналитиктері биылғы қаңтарда Кремльдің Днестр бойын Украинаға қарсы соғыста өзіндік бір «қару» ретінде пайдаланғысы келіп жүргенін хабарлаған еді.