Токио Олимпиадасының өтетін мерзімі кешеуілдеуі мүмкін
ТОКИО. 3 наурыз. Биылғы жылғы жазда өтуге тиісті Токио Олимпиялық ойындарының уақыты кейінге қалдырылуы мүмкін екені сөз бола бастады. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
«Токиодағы Олимпиялық және Паралимпиялық ойындарды өткізу жөніндегі келісімшарт жарысты 2020 жылдың соңына қалдыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
ТАСС мағлұм еткеніндей, мұны Жапонияның Олимпиада және Паралимпиада істері жөніндегі министрі Сэйко Хасимото ханым баяндаған.
Бұдан алдын коронавирустың тарауына байланысты 2020 Ойындарының көрерменсіз өткізілуі мүмкін екені жөнінде де сөз қозғалған болатын.
«Келісімшарт Ойындарды 2020 жылы өткізуді қарастырады. Бұл Олимпиаданың өту мерзімін кейінге жылжытуға мүмкіндік берудің шарасы болуы да ықтимал», – деп мәлімдеді жапон министрі.
Бұрынырақта Халықаралық Олимпиялық комитет Ойындарға дайындықтың кестеге сай жүріп жатқанын және қазіргі сәтте оны кейінге қалдырудың қарастырылып отырмағанын мәлімдеген еді.
Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес, Токиодағы Олимпиялық ойындар 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуге тиіс.