Желіде Бишімбаевтың әйелін соққыға жыққаны түсірілген видео тарады (видео)
АСТАНА. 24 ақпан. Әлеуметтік желіде экс-министр Қуандық Бишімбаевтың марқұм әйелі Салтанатты қалай соққыға жыққаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Ernur.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Күйеуінің қолынан қаза тапты делінетін Салтанат Нүкенованың ағасы қайғылы оқиға орын алған мейрамханадағы бақылау камераларына түскен кадрларды жариялады. Ол мұны Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарының мәлімдемесіне жауап ретінде шығарғанын айтады», деп жазады stan.kz.
Қарындасының өлімін егжей-тегжейлі зерттеп жүрген Айтбек Амангелді «өзінің бұл видеоны желіге ешқашан салғысы келмегенін, алайда Бишімбаев заңгерлерінің осылай етпеске басқа амал қалдырмағанын» алға тартады. Оның айтуынша, видео қанды оқиға орын алған ресторандағы бейнебақылау камераларына түсірілген.
Кадрлардан ер адамның әйелді ұрып жерге құлатып, жұдырықпен соғып, тепкенін байқауға болады. Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасының мәліметінше, кадрларда Бишімбаев пен өзінің қарындасының арасындағы оқиға бейнеленген.
Айтбек Амангелді сондай-ақ экс-министрдің адвокаттарының сұхбатта айтқан сөздері өтірік екенін мәлімдеді.
«Медициналық сараптаманың қорытындысы бар. Сарапшылар оның басынан кем дегенде, 13 рет соққы алғанын анықтады», – деп жазады Нүкенованың ағасы.
Айтбек Амангелді қазір қолында Бишімбаевтың марқұм әйеліне әртүрлі дене бөліктеріне бірнеше рет соққы жасағаны көрінетін бірнеше ракурстан түсірілген видеолардың бар екенін жеткізген. «Салтанаттың еденде жатқан денесі көрінетін суреттер бар. Түні бойы айқай мен соққының дауысын естіген куәгерлердің айғақтары бар», – дейді ол.
Бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты оның әйелін өлтіргені үшін кінәсін мойындамайтын мәлімдеген.
Экс-министрдің адвокаты Назкен Құсайынованың айтуынша, Салтанат Нүкенова субдуральды гематомадан қайтыс болған. Қорғаушы сонымен бірге, олардың арасында аздаған кикілжің орын алғанымен, үлкен жанжал бола қоймағанын баяндайды.
Адвокат Назкен Құсайынова экс-министрдің мұның жазатайым оқиға екенін және ол әйелін әлі жақсы көріп, қайғыратынын білдірген.
«Қуандық Бишімбаев қатты күйзеліске түсті. Себебі ол сүйікті әйелінен айырылып қалды. Сондықтан ол жауап беруге қатыспады. Бұл қайғылы жағдай оған психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті. Қайғылы оқиға болған күннен бастап 2 ай аралығында ешқандай тергеушіге куәгерлік етпеді. Сонымен қатар ол өз кінәсін мойындамайды», – деді адвокат.