Украина Қарулы күштері алдағы көктемде жаңа қарсы шабуылды бастайды
КИЕВ. 31 қаңтар. Украина армиясы РФ басқыншыларына қарсы жасалатын жаңа жойқын шабуылды көктемде жүргізетінін жария етті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Қарулы күштері бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов украин әскерлері жаңа күшті қарсы шабуылды көктемде бастайтынын мәлімдеді.
«Біз бір жүріс жасасақ, жау да бір жүріс жасайды. <…> Ендігі [шабуылдау] кезегі дұшпанда. Ол (Ресей армиясының шабуылы) тоқтайды, сол кезде біздікі басталады», – деді Буданов The Telegraph газетіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Ресей күштері «ерте көктемге» қарай әбден болдырып, шабуыл операцияларын жасауға шамасы келмей қалады. Ресей осы тұста қысқы шабуылдар барысында Донецк және Луганск облыстарының басып алынбаған жерлерін алып алмақшы болып жоспар құрған еді. «Алайда Мәскеу өзінің бұл мақсатына тіпті маңайлап та бара алмады», – деп сендірді Буданов.
Украина барлауының басшысы бұл мәлімдемені өзі Валерий Залужныйдың орнына Қарулы күштердің бас қолбасшысы болуы мүмкін екені жайлы қауесет тарап жатқан кезде жасады. Дегенмен, The Times мағбұғаты мәнбесінің мәліметінше, 38 жастағы Буданов «ең соңғы сәтте» генералдың орнына барудан бас тартқан көрінеді.
Айта кетейік, Украина Қарулы күштерінің 2023 жылдың жазында басталған қарсы шабуылы оншалықты сәтті аяқтала қойған жоқ. Бұған генерал Валерий Залужныйдың армия алдына міндетті дұрыс қоя алмағанынан көретіндер де аз емес. Не дегенде де, украин әскерлері өзінің қарсы шабуыл алдындағы басты мақсаты – Ресейдің құрлықтан Қырымға баратын жолын кесіп тастауға қол жеткізе алмады.
Осыдан кейін АҚШ Украинаға стратегиялық қорғанысқа көшіп, әзірге салмақты жау басып алған жерлерді қайтарып алуға емес, ресейліктердің жаңа шабуылдарын қайтарып тұруға сала тұруды ұсынды.
«Әлбетте, бұл украиндардың бұдан кейін өзінің қорғаныс шебін құрып алып, алаңсыз тас қамал қорғанысқа кетіп қалатынын білдірмейді», – деді ол.