Бозымбаев шынымен «Жаңа Қазақстан» Үкіметінің тізгінін ұстамақшы ма?
АСТАНА. 30 қаңтар. Соңғы кездері жақында тарайды-мыс делініп жүрген Үкіметтің басшылығы тұғырына Қанат Бозымбаев келеді-міс деген әңгіме жиі естіле бастады. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ал Әлихан Смайылов бастаған Үкіметтің тарайтыны жайлы қауесеттің желдей есіп жүргеніне біраз болған. Расында кезінде статистика саласын да көктете қоймаған Премьер-министрдің қазіргі жұмысына көңілі толмайтындар өте көп. Мұндайлардың қарасы уақыт ұзаған сайын көбейе түспесе, азая қоятын түрі көрінбейді.
Әлихан Смайылов Үкімет басына бұдан екі жыл алдын орын алған Қаңтар қырғынан кейінгі кадр тапшылығы тұсында келіп қалды. «Кітапханамен» өте тығыз байланысы бар болғанына қарамастан оның бұлай алғауы биік ақордаға ақбоз аттың үстімен шауып кіргеніне көп адам аса түсінбей-ақ қойды. Құдайлығына келсек, ол осы екі жылда Мемлекет басшысының өзіне берген зор сенімін ақтай алған жоқ. Оған қарапайым халық та, Парламент депутаттары да риза емес.
«Осы тұста кейбір инсайдерлер «саясатта салмағы жағынан «ауыр» Қанат Бозымбаевтың мансап шырағы әлі сөне қойған жоқ» деген пікірді ортаға салды» деп жазды Dalanews.kz өзінің шолуында. Портал көптен бері көрінбей кеткен Бозымбаевтың қазіргі күндері Премьер-министрдің тағына қона қалу процесіне дайындық үстінде екенін күлтелетпей айтты.
Тоқтала кетуді қалайтын бір жайт: Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысының әкімі болып тұрған Қанат Бозымбаев жұрттың жаппай наласына ұшырайтындай кепті кешті. Сол кезде облыс орталығы –Талдықорған қаласы шерушілерге лық толды. Осы халықпен алаңда кездескен аймақ басшысының көмейінен кенет орыстың бір ауыз боқтық сөзі шығып кетті. Ол заматында тікелей эфир арқылы тарады. Осыдан кейін оның ел алдындағы беделі бір пәсте-ақ «беш тиын» болды да қалды. Былайша айтқанда, абайсызда «аузымен авария» жасап алды. Артынша өзі де әкім деген қызметімен қоштасты.
Ақиқатын айтқанда, біраздан бері Президенттің кеңесшісі деген лауазымның құлағын ұстап отырған Қанат Бозымбаев Энергетика министрі, Павлодар және Алматы облыстарынің әкімі қызметін жұрт күткендей жүйелі басқара алмаса да, қазір Үкімет құрамындағы мықты мемлекеттік басқарушылардың бірі саналып жүр.
Портал осы ретте Қанат Бозымбаевтың Президент секілді жалайыр тайпасынан екені көп нәрсені келеңсіз шешіп жіберуге себеп болуы мүмкін екенін де өздеріне белгілі инсайдерлердің аузымен жеткізеді.
«Сондықтан да Бозымбаевтың ішкі саясатты жетік білуі мен мол тәжірибесі басымдыққа ие болып, еліміздің жаңа Премьер-министрі қызметін атқаруына мүмкіндік сыйлауы да мүмкін ғой», – деп тұжырымдайды сайт соңынан.