Алматыда халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жеке музей бұрышы ашылды
АЛМАТЫ. 30 қаңтар. Алматы қаласының мемлекеттік архивінде «Кино және театр тарланы – Асанәлі» атты музей бұрышы ашылды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Асанәлі Әшімов – Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, театр педагогы, профессор, театр және кино актері.
Асанәлі Әшімов 1938 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған. 1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген. 1964 жылдан М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет еткен. Ол театр сахнасы мен кинода көптеген рөлдерді сомдады.
Алматы қалалық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекеттік архивке халық әртісінің өз қолымен тапсырған қолжазбалары, марапаттары, фотоальбомдары, сыйлықтары, кітаптары, ордендері, төсбелгілері мен басқа да жеке заттары қойылды.
Салтанатты шараға қалалық мәдениет басқармасының қызметкерлері, белгілі зиялы қауым өкілдері, Асанәлі Әшімовтың отбасы мүшелері, туған-туыстары, жақын достары мен бір топ жас өнерпаздар қатысты.
«Бүгін менің құрметіме музей-бұрыш ашып жатыр, сол үшін осы іс-шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғыс айтамын. Мұнда менің жеке заттарым қойылды. Ол заттардың барлығы мен үшін бағалы, себебі, олар еңбекпен келген. Қарап отырсам, оның бәрі қазір — тарих. Бұл жұмыспен Алматы қаласының мемлекеттік архиві көптен бері айналысып келеді. Мұнда жалғыз менің ғана емес, басқа да танымал адамдардың заттары қойылған. Бұл жақсы бастама. Ол келешек ұрпақ үшін жасалып жатыр. Әсіресе, оқушы, студенттер үшін маңызды, керек дүние. Сондықтан бұған оң көзбен қараған дұрыс», – деді Асанәлі Әшімов рәсім барысында.
Өнер тарланы тарихи тұлғалардың жеке заттарына ерекше мұқиятпен қарау керек екенін айтты.
«Уақыт өте келе бұл заттар тозуы мүмкін. Оның үстіне бұған дейін музейлерде танымал тұлғалардың жеке заттары жоғалған. Баяғы Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Күләш пен Шаралардың киген киімдері, отырған үстелі, жеке заттары жоғалған болатын. Олардың музей бұрыштарын ашайын десең, олардан қалған зат аз болып тұр. Ол, әрине, өкінішті. Біз көп болса жүз жасармыз, ал бұл заттар мың жасайды. Сол себепті мен өз заттарымды осында тапсырдым. Оған архив қызметкерлері ұқыпты қарап, олардың жоғалып кетуіне жол бермейді деп ойлаймын», – деді халық әртісі
Алматы қаласының мемлекеттік архивінің директоры Абзал Батановтың айтуынша, архив бүгінгі күні жеке қорлармен үлкен жұмыс жүргізіп келеді.
Алматы қаласы мемлекеттік архивінің жинақтау қызметінің басшысы Нағима Нұрманова Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, профессор Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрышта оның марапаттары, ұстаған заттары, шахматы, сыйға алған шапаны мен өмірі, тағдыры жайлы жазылған кітаптар қойылғанын айтты.
Шара барысында, сондай-ақ, Асанәлі Әшімовтың шәкірттері, «Жаңа ғасыр» театрының өнерпаздары «Туған жер», «Аға» әндерін орындады.