ЕО: Жолымызға жуа боп егілген Орбанның «аузын тігетін» уақыт келді
БРЮССЕЛЬ. 28 қаңтар. Еуропа кеңесі өзінің маңызды шешімдеріне ылғи блок қоюдан жалықпайтын Венгрия премьерін дауыс беру құқынан айыратын жол тапты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еуропа одағының мүшелері Еуропа елдері, НАТО мен Украина үшін қабылданатын аса маңызды шешімдердің сұлбасын ұдайы буып тастап келген Виктор Орбаннан құтылудың кезі келгенін ұқты. Олар өзінің осы әрекетімен үнемі іс жүзінде Владимир Путинге көпе-көрнеу қолдау жасап, көмек көрсетіп жүрген сатқынды таза судың бетіне шығаруға тәуекел етті. «Бізде оған [Венгрияға] қысым көрсететін қуатты тетік бар екеніне ешқандай күмән жоқ, біз енді соны қолдануға дайынбыз», – деді АҚШ-тың Мажарстандағы елшісі Дэвид Прессман.
Хун (венгер) тілінде «құрбақаның құйрығының астында қалу» деген тіркес бар. «Сол басқа лидерлер тарапынан өзіне деген сенімнен айырылып қалған Орбанның қазіргі қалпын өте жақсы суреттеп береді», – деді ЕО шенеуніктерінің бірі Politico мағбұғатының тілшісіне берген сұхбатында. Бес Еуропа шенеунігі мен елшісінің айтуларынша, Еуроодақ елдері енді бұрын-соңды болмаған нәрсе – Венгрияны бірлесе қабылданатын барлық шешімдерге дауыс беру құқынан айырғалы отыр. «Путиннің досы» өзінің көзсіз ақымақ әрекеттерінің жемісін енді осылай татады.
«Егер 1 ақпан күні Орбан жалпы бюджет пен Украинаға бөлінетін 50 миллиард еуроны бекітерде тағы да ескі әуеніне басатын болса, бірден Мажарстанды дауыс беру құқынан айыратын 7-баптың құзыреті іске қосылады», – деді одақ елшісі.
Ал Еуропа кеңесі туралы келісімнің 7-бабы ЕО құндылықтарына қатысты мәселе талқыланған кезде елді Еуропалық кеңесте дауыс беру құқынан айыруды көздейді.
Жалпы, Ұлыбритания, Эстония, Швеция, Латвия, Норвегия, Германия, Дания, Нидерланд сияқты елдер баяғыдан Виктор Орбанға қатысты шара қолдануды ұсынып жүрген. Оны тек Словакия ғана қолдайтын сыңай танытты. Соңғы кездері Франция да оған қарай бұрылғандай кейіп көрсеткен. Дегенмен, басым көпшілік жоғарыдағыдай бір шешімге келмей, іштен шыққан жаудың бопсасына батып отыра беретіндерін қазір жақсы түсініп отыр.