Белгілі журналист-жазушы Жылқыбай Жағыпарұлы өмірден өтті
АСТАНА. 26 қаңтар. Аты республикаға танымал қарымды қаламгер – журналист, жазушы Жылқыбай Жағыпарұлы 70 жасында кенеттен өмірден өтті. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Жігіттің төресі еді, азаматтың жайсаңы еді, журналистің жампозы еді, қарымды жазушы еді, пышақтай өткір еді, найзағайдай намысты еді…
Жол сілтеген ұстаз еді, аңқылдаған аға еді…
Қайран жалған дүние…
Жылқыбай Жағыпарұлы ағамыз да қас-қағымда дүниеден өтіп кетті…». – деп жазды Facebook әлеуметтік желісінде белгілі журналист Ғалым Қожабек әріптес ағасының қазасы жайлы жұртқа хабарлай отырып.
Жылқыбай Жағыпарұлы 1954 жылы 11 қыркүйекте Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған.
Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң журналистік жолын Целиноград (қазіргі – Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі – «Арқа ажары») газетінде бастады. Осы басылымда табан аудармай 30 жылға жуық жемісті қызмет етті.
Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикалық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына белсене атсалысып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. Бұдан кейін, 2005-2007 жылдары республикалық «Ел» газетін абыроймен басқарды. Ал 2007 жылдан зейнет жасына жеткенге дейін республикалық «Eгемен Қазақстан» газетінде шолушы болып қызмет атқарды.
Жылқыбай Жағыпарұлы Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі еді.
Журналистика саласында жасаған ұзақ жылдарғы қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қарымды қаламгер Астана – Қарағанды бағытындағы трассада орын алған жол апаты салдарынан қапияда қазаға ұшырады.
Иә, расында Жылқыбай Жағыпарұлы қашанда әділдікті ту етіп көтерген шыншыл, адал, қоғамның барлық аумалы-төкпелі ахуалдарына өз бағасын беріп отыратын турашыл, сонымен бірге ешкімге жел болып тимеген дархан көңілді, жомарт пейілді, кең жүректі арқалы азамат еді.
Алла алдыңнан жарылқасын, дос, жолдас, әріптес Жықа!