«Димон» Медведев Алясканы қайтарып алу үшін АҚШ-пен соғысуға уәде берді
МӘСКЕУ. 23 қаңтар. Араққұмарлығы салдарынан ел арасында «Димон» аталып кеткен Дмитрий Медведев Алясканы қайтару үшін АҚШ-пен соғысуға дайын екенін білдірді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тек мұны оның қандай жағдайда отырып айтқаны белгісіз.Тентек судың текпінінде тұрып шіренді ме, жоқ, әлде ақыл-есі қалпында тұрғанда тепсініп шықты ма, – мұны ешкім білмейді.
РФ қауіпсіздік кеңесі райысының орынбасары деген жоғары лауазымға ие Дмитрий Медведев (райысы, әлбетте, Владимир Путин) Солтүстік Америка штатымен (яғни, Аляскамен!!!) арада соғыстың әйтеуір бір болмай қоймайтынына сәуегейлік жасады. «АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің сөзіне қарағанда, Ресейдің XIX ғасырда сатылып кеткен Алясканы кері қайтарып ала алмайды екен. Солай-ақ болсын. Ал біз Аляска өзінің жалға алынған мерзімі біткен күні қайтарылады деп күткенбіз. Енді соғыс болмай қоймайды», – деп жазды Медведев 23 қаңтар күні Х-тегі (бұрынғы Twitter) ағылшын тілді блогына.
Содан бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ведант Патель Ресей президенті Владимир Путиннің Алясканы «ала алмайтынын» мәлімдеген болатын. Осы сөзімен ол Путиннің кезінде Аляска Құрама Штаттарға «заңсыз» сатылған деген мазмұнда шығарған жарлығына жауап бергендей сыңай танытқан.
Ресей Украинаға соғыс ашқан 2022 жылғы 24 ақпаннан кейін Медведев Кремльдің ядролық соғысқа қатысты әңгімесінің негізгі рупорына айналып шыға келді. «Димон» осылайша Путиннің өзі ашып айта алмайтын, бірақ қарсы жаққа жеткізгісі келетін әңгімелері мен қоқан-лоққыларын кеңістікке таратып жіберіп тұратын құралы қызметін атқара бастады.
«Ресейсіз әлемнің бізге керегі жоқ» дегенді ол тап сондай астармен айтты. «Димон» сондай-ақ Ресей Украинадағы соғыста жеңіліске ұшыраса, ядролық соғысты бастап кететінін де жалпақ әлемге жеткізді. Соңғы рет ол Украинаға 11 қаңтарда ядролық соққы берілетінін баяндаған еді. Ал тура ертеңіне Украинамен қауіпсіздік жөнінде келісім жасасқаны үшін Британияны соғыспен қорқытпақшы болды.