Қожамжаровқа тықыр таянды. Оның тағы бір бұрынғы қызметкері қамалды
АСТАНА. 16 қаңтар. Бас прокуратура бұрынғы сенатор Қайрат Қожамжаровтың тағы бір бұрынғы қызметкерінің қамауға алынғанын растады. Бұл туралы КазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ендігі «қораға кіруші» экономикалық қылмыс және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің Алматы қалалық департаменті қызметкері Кенжебай Жұмабеков сол кездері Қайрат Қожамжаровтың қарамағында қызмет еткен екен.
«Бас прокуратура адам азаптау фактілері бойынша аталған тұлғаға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. 2024 жылғы 11 қаңтарда Алматының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты Қ. Ж. Жұмабековке қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын, сондай-ақ қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген Бас прокуратураның ҚазТАГ сұранымына берген жауабында.
Негізі, аталмыш агенттік Кенжебай Жұмабековтің «Қорғас мәселесі» бойыынша қамауға алынғанын 9 қаңтарда баяндаған болатын. Онда мәнбе оны «істі тікелей ұйымдастырушы және атқарушы» деп атап көрсетті.
ҚазТАГ бұған дейін, 2023 жылғы 11 желтоқсанда бұрын Қайрат Қожамжаровтың қаржы полициясындағы қызметкері болған Ұлан Мәдиевтің ұсталғанын жазып еді.
Айта кетейік, 15 желтоқсанда «Қорғас мәселесі» қайта қолға алынды.