АҚШ президенті қазақ имамы Нұрлан қажыны қонаққа шақырды
АСТАНА. 16 қаңтар. АҚШ президенті Джозеф Байден белгілі қазақ имамы Нұрлан қажы Асановты қонақасыға шақырып отыр. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазір Нұрлан қажы Асанов Астанадағы «Ырыскелді қажы» мешітінде бас имам болып қызмет істейді. Ол көпшілікке әлеуметтік желілерде жүргізген уағыздарымен, танымдық әңгімелерімен және сұхбаттарымен жақсы таныс.
Танымал дін иесінің Құрама Штаттар президентінің арнайы шақыруымен Уашингтонға барғалы жатқанын журналист Дана Нұржігіт мәлім етті.
«Жалпы, Америка Құрама Штаттарының президенті Джо Байден мен оның алдындағы лидерлері әртүрлі елдердегі атақты кісілер мен мемлекеттер басшыларын атаулы кешкі асқа шақырып тұруды дәстүрге айналдырған. Бұл қайырымдылық шарасы болып табылады. Оған біздің елімізден, Аллаға шүкір, мен таңдалып алыныппын», – деді Нұрлан қажы Асанов.
Оның айтуынша, сапар мақсаты Қазақстанның президентіміз жүргізіп отырған мүддесін, ішкі және сыртқы саясатын, сондай-ақ біздің рухани деңгейімізді кеңейту, мемлекетіміз тарихының тереңдігін көрсету жеткізу болмақ.
«Біз алдағы аптада жолға шығуды жоспарлап отырмыз», – деді имам.
Ол сонымен қатар атаулы кешкі астың үш рет берілетін айтты, ол жалпыға ортақ, жақын адамдар үшін және өте жақын адамдап үшін болып бөлінеді. Нұрлан қажы осының үшеуіне де қатысады екен.