Ресейде қуғын-сүргіннің сөре алған жаңа «37-ші жылы» басталғалы тұр
МӘСКЕУ. 13 қаңтар. РФ сыртқы барлау басқармасының бастығы Сергей Нарышкин жаңа «37-ші жылдың» басталғанын жариялады: ол АҚШ-та оқып келгендерді «аулауға» кірісті. Бұл туралы «Диалог.UA» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейде террор толқынына негіз дайындалып жатыр. Ол репрессия шыңына жеткен сонау 1937-1938 жылдарғы Кеңес Одағындағы сталиндік режимді Ресей тарихының сахнасына қайта әкелмекші.
РФ сыртқы барлау басқармасының бастығы Сергей Нарышкин іс жүзінде Америкамен алмасушылық бағдарламасы бойынша оқып келген ресейліктерге қарсы «аңшылық маусымын» жариялап үлгерді. Сталинге табынушы Путин режимінің көрнекті өкілінің мәлімдемесі бұдан бірер күн бұрын барлау басқармасының ресми сайтында жарық көрді.
Шпиондарды әшкерелеушілер тобының бас қолбасшысы мұның бәрін АҚШ-тың Ресейдегі президент сайлауына араласуға ниетті болып отырғанына байланысты көтеріп отыр екен. Сайлау қарсаңында басқалардан қалмай көзге түсуді мақсат тұтқан Нарышкин осындай «бүліктің» болғалы тұрғанын паш етіпті-міс. Ол Құрама Штаттар диктатор Путиннің қайта сайлануына «заңсыз араласуды» жоспарлап отыр-мыс деген «жаңалық» ашыпты. Сергейдің қиялынша, оған Уашингтон АҚШ-пен студент алмасу бағдарламасы арқылы оқып қайтқан түлектерді тартпақ көрінеді. Әңгіме мұхиттың арғы бетіне барып қайтқан 80 мыңға жуық жас жайлы болып отыр. Мұны да бас барлаушының өзі айтты.
Әлем сарапшылары бұған қарап, Ресейге 37-ші жыл қайта оралғалы жатыр деген болжам білдіре бастады.