Путин президент болып қала беру үшін бесінші рет сайлауға түсетінін айтты
МӘСКЕУ. 8 желтоқсан. Бүгін Ресей президенті Владимир Путин өзінің президенттік мансабын жалғастыру үшін бесінші мерзім сайлауға түсетінін жариялады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ диктаторы электоратты сан-саққа жүгіртіп, жел сөзге желеу беріп қойған жоқ, агрессор-елдің президенті болып қала беруге ниетті екенін тым ұзатпай білдірді. Ол Кремльде өткен Отан қаһармандары күніне арналған салтанатқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде 2024 жылы көктемде өтетін президент сайлауына қатысуға құлқы бар екенін ашып айтты.
Ақпарға қарағанда, өзін өзі жариялаған Донецк халық республикасы парламентінің спикері Артем Жога жиын үстінде узурпаторға осындай өтінішпен шыққан. Әлбетте, алдын ала сызылып қойылған сценарий бойынша. Ал қанқұйлы диктатор оның сұрауын аяқ асты етіп тастай алмай, ұсынысқа «келісім берген».
«Президент біздің өтінішімізге құлақ асқанына өте қуаныштымыз, бүкіл Ресей оны қолдайды», – деді соңыра Жогасы түспегір екі езуі екі құлағына жетіп. «Қалғандары сосын өтінішке қосылды», – деп атап өтті соңынан Кремль пулының тілшісі Андрей Колесников.
Владимир Путиннің бұл жолғы президенттік мерзімі 2024 жылғы 7 мамырда аяқталады. РФ президентін сайлау 2024 жылғы 15-17 наурыз күндері өтеді. Сайлау осы жолы бірінші рет үш күнге созылғалы тұр.
Осымен Путин бесінші мәрте мемлекет басшысы орынтағы үшін бәсекеге түскелі отыр. Ол жеңіске жеткен жағдайда (бұлай болмасына күмән да жоқ, себебі, билік дауыс біткеннің бәрін өзі жасап шығады – ред.) 2030 жылға дейін Кремльдің қожайыны болмақшы (әрине, жаратқан иесі оған өмір берсе – ред.). РФ Конституциясына 2020 жылы енгізілген өзгерістер Путиннің бұған дейін президенттік мерзімдерін «нөлге» айналдырып берді. Соған сәйкес, узурпатор осы жолы құдды қайтадан бірінші рет президент сайлауына түсетін сияқты болып тұр.