Швейцария Ресейдің $9 млрд-қа жуық активіне бұғау салғанын жария етті
БЕРН. 5 желтоқсан. Швейцария Ресей азаматтарының 7,7 млрд швейцар франкіне ($ 8,81 млрд) жуық қаржы активтеріне бұғау салып тастады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Reuters агенттігінің жазуынша, аталмыш шаралар Ресейдің басқыншы армиясының Украинаға жасап жатқан шабуылына байланысты қабылданып жатыр.
Бұл сома Швейцария үкіметі өткен жылы ЕО санкциялары енгізілгеннен кейін мәлімдеген мөлшерден сәл артық болды. Содан кейін 7,5 миллиард франкті бұғаттау жоспарланған болатын. Санкцияларға жауапты экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшылық (SECO) аталған сома өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
Тоқтатылған активтердің өсуі өткен жылғы санкциялар тізіміне 300 адам мен 100 ұйымның қосылуымен байланысты. Бұл сомаға қолма-қол депозиттерден, облигациялардан, акциялардан, жылжымайтын мүліктен және сәнді көліктерден алынған болжамды кірістер де кіреді.
Берн сонымен қатар Ресейдің Орталық банкіне тиесілі шетел валютасындағы 7,4 миллиард франктың қозғалысына да тоқтау салды.
Швейцария президенті Ален Берсе қараша айында Украинаға сапары кезінде Киевке қосымша қолдау көрсетуге уәде берген еді, сол жолы осы мақсатта Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен пайданы пайдаланудың жайы да талқыланған болатын.