Қазақстан соты Украинада соғысқан «вагнершіні» бас бостандығынан айырды
ҚАРАҒАНДЫ. 29 қараша. Қазақстан соты Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында Украинадағы соғысқа қатысқан Қарағанды облысының 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполовты 6 жыл, 8 айға соттады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қарағандылық азамат «жалдамалылықпен айналысқаны» және «бейбіт өмір мен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін» кінәлі деп танылды. Сот Шомполовтың әрекеттерін «конституциялық құрылысты құлатуға немесе бұзуға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған» деп атады.
Жалдамалыдан сондай-ақ 205 мың рубль көлемінде қаражат тәркілеу туралы шешім қабылданды. Соттың пікірінше, оған қылмыс жасау жолымен қол жеткізілген.
Сотта Шомполов өз кінәсін мойындап, соғысқа қатысқаны үшін өкінетінін білдірді. Ол ақшаға мұқтаж болғандықтан соғысқа барғанын жасырмай айтты.
Үкімнен белгілі болғанындай, қазақстандық жігіт әлеуметтік желідегі хабарландыру бойынша «Вагнер» ЖӘК-ті іздеп барған. Оған ай сайын 240 мың рубль жалақы төлеуге уәде етілген. Ол осы жылдың мамыр айында артиллерия бөлімшесінің құрамында «Зубрак» атты шақыру белгісімен Бахмут бағытындағы ұрыс қимылдарына қатысу үшін Ресей – Украина шекарасын кесіп өтеді. Кейіннен Украина Қарулы күштерінің атқылауына ұшырап, қолына жарықшақ қадалады, сосын ауруханаға жатқызылады, кейінірек денсаулығы жарамсыздығына байланысты әскер қатарынан босатылады.
Шомполов «Вагнерден» 235 мың рубль ақшалай сыйақы алғаннан кейін Қазақстанға оралады. Ол Петропавлда ұсталады. Істі Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті зерттейді. Бірінші сатыдағы сот тамыз айында үкім шығарды. Ал апелляциялық саты оны 15 қарашада бекітті.
Шомполов сотта өзіне бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрін тағайындауды өтінеді. Ол үкімге қатысты шағымында келісімшарт жасасу кезінде өзін ондағылардың алдап соққанын атап көрсетті. Айтуынша, жалдық қызметке алушылар мұны «Украинада соғыс емес, бейбіт тұрғындарды босату үшін арнайы операция жүріп жатқанын» айтып сендірген.
Бұл – Орталық Азия тумасын Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тарту фактісі емес. Қазан айында Өзбекстан соты 38 жастағы Ильдар Хайруллинді өзін-өзі жариялаған Донецк Халық Республикасының армиясында қызмет еткені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырды.
2023 жылдың мамырында Бішкек соты 30 жастағы жалдамалы Асқар Кубанычбек уулуына 10 жыл колонияда отыру жазасын тағайындады. Алайда, тамыз айының соңында Қырғызстан Жоғарғы Соты үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.