АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сыр бойы: мәдениет пен спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда

ҚЫЗЫЛОРДА. 22 қараша. Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының бастығы Мира Қазбекова Сыр өңірінде мәдениет пен спорттың қазір қатар дамып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Басқарма басшысы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында мұның жайын тарқатып айтты. Қазіргі таңда облыста 410 мәдениет, өнер, архив және 41 спорт мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері тағы 2 мәдениет нысаны және 6 спорт кешені пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін 3 мәдениет нысанының және 5 спорт кешенінің құрылысын пайдалануға берілмек.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубының ғимаратына, Шиелі ауданындағы «Көкшоқы» шағын ауданындағы спорт кешенінің ашық алаңына, Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Отбасылық құндылықтарды нығайту, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру және заманауи қазақ анасының бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары қатарға қосылды. Аймақ басшысының бастамасымен көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беру күтілуде», – деді Мира Қазбекова.

Оның айтуынша, аймақта облыс әкімдігінің қолдауымен және өнер сүйер қауымның зор ықыласымен түрлі бағыттағы мәдени және спорттық іс-шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері облыстың мәдениет мекемелерінде 14 905 шара,118 концерт, 189 спектакль өткізілді. Ал 1322 бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылған.

«Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылған болатын. Өңірімізде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында облыстық филармонияда кәсіби музыканттардан симфония оркестрі жұмысын бастады. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе жетекшілік жасайды. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығы тапсырылып, облыс мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра берілді. Ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу, шыңдау мақсатында өңірімізде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізілді. Сонымен қатар, республика көлемінде тұңғыш рет Сыр жас ақындарының Алматыда Поэзия күндері өтті», – деді Мира Жомартқызы соңынан.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button