Латвияда тіл емтиханын тапсырмаған 3600 ресейлік елден шығарылады
РИГА. 18 қыркүйек. Латвияда тұрып жатқан 3600-ге жуық Ресей азаматы тіл емтиханын тапсырмаулары себепті елден кететіндердің тізіміне енгізілді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Латвияда мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырмаған және тапсыруға өтінім бермеген орыс азаматтары алдағы аптада Латвиядан үш айдың көлемінде кету жөнінде ескерту ала бастайды. Латвия азаматтық істері және көші-қон басқармасының өкілі Майра Розе мұндай ресейліктер қатарының шамамен 3600 екенін айтты. Оларға елден кету үшін 90 күн мұрсат беріледі.
Розе сондай-ақ кейбір орыстардың Конституциялық соттың шешімі арқылы теңдік алып, елде қала беретіндеріне сенімді болғандары сондай, бұрынғыдай айылдарын жимай, мұның бәріне мысқылдай қарап келгендерін баяндайды. Олар бұл сынақтан абыроймен шығудың жолын қарастырмай жата бергендерін мәлімдейді. «Негізі, оларға «тып-тыныш отыра беріңдер, бәрі соңынен өз-өзінен реттеледі» дегенді айтқан біреулер болған. Нәтижесінде сол кеңесті тыңдағандар оңбай ұтылды. Олар енді қалайда Латвияның бұрыннан келе жатқан тұрғындары емес, Ресейден келген азаматтар сияқты дәрежеде осында қалуға әрекет ете алады, себебі, азаматтықтан бірден айырылған», – дегенді қосты Розе.
Латвияда тұрып жатқан ресейліктер үшін қыркүйектің бас жағы латыш тілін қаншалықты білетіндерін дәлелдейтін соңғы мерзім болды. Осы аптада Латвия сеймі тіл емтиханын тапсыруға ниетті болып отырғандар .үшін екі жылдық өтпелі кезең беру керек деп шешті.
Жаңа ереженің мизамына түсіп қалған 25000 ресейлік азаматтың 14000-ы Латвияда тұрақты тұру үшін құжат алуға өтініш білдірді. Тағы 1000 адам уақытша тұруға рұқсат сұрады. Ал 6700 адам қайта емтихан тапсыруға ықылас танытты.
Не дегенде де, латыштар басқыншылық пиғылдағы «орыс әлемін» бір дүрліктіріп, орнынан қатты қозғап жіберді.