Ресей АҚШ-пен бірлесіп жаттығу жиынын өткізген Арменияны айыптады
МӘСКЕУ. 9 қыркүйек. РФ сыртқы істер министрлігі АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығу жиынын өткізген Арменияға «достыққа жатпайтын» әрекеті үшін айып тақты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша Армения (Хайастан) билігін «көк есекке теріс мінгізіп» қойғысы келген Ресей сыртқы істер министрлігі Ереванның Мәскеудегі елшісі Вагаршак Арутюнянды шақырып алып, мемлекетінің «достыққа адалдық танытпағаны үшін» жер-жебіріне жете ұрысты.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Хайастанның «достыққа жатпайтын» әрекеттеріне оның Халықаралық қылмыстық соттың Рүм статусын ратификациялау процесін бастап кетуі және АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығу жиынын өткізуі жатады.
Ресей дипломаттары сондай-ақ армян билігінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше бола тұра, НАТО секілді белді әскери альянстың ең басты мүшесі елмен бірлесіп әскери оқу-жаттығу жиынын өткізуінің қисынға соқпайтынына назар аударады.
«Мәскеу Ресей мен Арменияның одақтас болып қала беретіндеріне берік сенім білдіреді, бұған дейінгі әріптестікті дамыту және нығайту жөніндегі келісімдердің бәрі екі ел халықтарының игілігі үшін толық орындалады. Мұның, басқа тірліктермен бірге, ҰҚШҰ желісі бойынша жаттығу ұйымдастыру мен бұдан әрі Армения мен Әзербайжан арасындағы ахуалды реттеуге ықпал ету мақсатында республикаға ұйымның бақылаушы миссиясын жіберуге де қатысы бар», – делінген РФ министрлігінің мәлімдемесінде.
Бұған қоса, Хайастан елшісіне наразылық нотасы тапсырылды. Ол Армения ұлттық жиналысының спикері Алена Симонянның Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың мәнзіліне қарата айтқан ауыр сөздеріне арналған. Өз кезегінде «Маша» Ереван риторикасын «арсыздықтың шегіне шығу» деп бағалапты.
Ресей сыртқы істер министрлігі мұнымен де тоқтамайды, Хайастан премьер-министрінің әйелі Анна Акопян тарапынан «Киевтің нацистік режиміне» гуманитарлық көмек көрсетілгені турасында да наразылық білдіреді. Бұл көмектің жиынтығы оқушыларға арналған 1000-нан аса смартфоннан, планшеттер мен ноутбуктардан тұрады екен.