Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қызылордалық әнші «Славян базарында» үшінші белеске көтерілді

ВИТЕБСК. 17 шілде. Кеше түнде Беларусьтің Витебск қаласында өз мәресіне жеткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде қызылордалық әнші Құралай Мейрамбек жүлдегер атанды. Бұл туралы БелТА ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Дәстүрлі фестиваль осымен өзінің XXXII-ші маусымын аяқтап отыр.

Өнер байқауында Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты «Амангелді» ауылының тумасы Құралай Мейрамбек ерекше көзге түсті. Ол сайыс қорытындысында өзбекстандық әріптесі Малика Хакимовамен бірге үшінші орынға көтерілді. Осыған орай екі әншінің әрбіріне $2 500 көлемінде сыйақы берілді.

Еске сала кетейік, қызылордалық әнші конкурста белорустың «Рэчанька» атты халық әнін орындап, көрермендер мен қазылар алқасының жылы ықыласына бөленген еді. Оның қобыздың сүйемелдеуімен айтқан әні де жұртқа айрықша әсер қалдырды.

Сондықтан Витебск облыстық «Витебские вести» газеті «Жас әншілердің «Витебск-2023» эстрадалық әндерді орындау халықаралық конкурсының бірінші күнінен кейін Құралай Мейрамбек топ бастады» деп атап көрсетті. «Қазақстанның өкілі белорустың «Рэчанька» атты халық әнін орындағаны үшін бәрінен жоғары – 69 балл алды. Итальян Джорджия Папасидеро одан – бір балл, Өзбекстанның өкілі Малика Хакимова – екі балл, ал армян Маша Мнджоян үш балл төмен болды. Белорус Самир Ёлчиев бірінші шыққанында Владимир Мулявиннің «Чырвоная ружа» әнін орындап, жюридің 65 балын жинады», – деп жазды басылым.

«Зеркало» ресурсының хабарлауынша, фестивальдің бас жүлдесі – Гран-приді «Витебск» деген эстрадалық әнді шырқаған армян әншісі Маша Мнджоян жеңіп алған. Осыған байланысты оған $20 000 көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Ал бірінші жүлденің иегері ретінде беларусьтік ұлты әзербайжан орындаушы Самир Елчиев танылды. Оған $10 000 мөлшерінде жүлде сыйақысы табыс етілді. Екінші орынды ресейлік Елизавета Слышкина мен итальян Agape өзара бөлісті, олардың әрбіріне $5 000 ауқымында ақшалай қолдау жасалды.

Жалпы, «Славян базарына» қазақ әншілрі ұдайы қатысып келеді. Соның ішінде біздің аты әлемге танымал атақты өнер жұлдызымыз Димаш (Дінмұхаммед) Құдайбергеннің де жолы осы фестивальде лауреат атанудан басталған еді.

Қызылордалық Құралай Мейрамбек Instagram-дағы парақшасында конкурс кезінде өзіне зор қолдау көрсеткен, сенім білдірген, сәттілік тілеген барша жанашырларына, барлық қазақстандықтарға алғыс айта келіп, алдағы уақыттарда да халықаралық конкурстар мен фестивальдерде Қазақстанның атын шығара беруге бар күш-жігері мен талантын жұмсай беретінін мәлімдеді.

Жансая НҰРҚОЖА

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button