Қызылорда облысында есірткі өсіруді кәсіп еткен 23 адам қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 шілде. Қызылорда облысында «Қарасора – 2023» рейдін жүргізу барысында есірткі өсірумен шұғылданып жүрген 23 адам ұсталып, олардың 6-уы қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Агенттік баяндағандай, қазіргі күндері республика көлемінде есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс шарасы өтіп жатыр. Маусымның 1-інде басталған рейд қазанның 31-інде аяқталады.
«Есірткі өсіріп жатқан 23 адам ұсталып, оның алтауы қамауға алынды. Ал Қазалы, Сырдария және Шиелі аудандары аумағының далалық аймағынан ірі есірткі алқаптары анықталды», – делінген хабарламада.
Аталмыш операцияның басты мақсаты есірткімен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктер өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу болып табылады.
Іс-шара басталғалы Қызылорда облысының көлемінде есірткі қылмысына қатысты барлығы 39 құқық бұзушылық анықталды. Олардың 20-сы – есірткі өсіру, 2-уі – есірткі өткізу, 3-уі – аса ірі мөлшерде сақтау және 14 дерегі есірткімен байланысты қылмыстық әрекеттер ретінде тіркелген.
Облыста осы уақытқа дейін заңсыз айналымнан 1 тонна 615 келі 939 грамм есірткі заты алынған. Олардың 5 келіден астамы марихуана, 5 грамы гашиш және 1 тонна 610 келісі каннабис өсімдігі болған.