Путин «вагнершілер» әрекетін айыптап, оларды аяусыз басуға бұйрық берді (видео)
МӘСКЕУ. 24 маусым. РФ президенті Владимир Путин Ресей халқына үндеу арнап, онда Евгений Пригожиннің билікке қарсы жорығын сатқындық деп бағалады. Бұл турады ТАСС ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожиннің ұйымдастыруымен басталған қарулы бүлік – опасыздық пен сатқындыққа алып баратын «шексіз амбициясының» нәтижесі. Ресей диктаторы өзінің РФ азаматтары мен әскери қызметкерлеріне арнаған телеүндеуінде жағдайға осындай сипат берді. Ол Пригожиннің бұған «біреуді алдаумен, біреуді қорқытумен қылмысты авантюраға – қарулы бүлікке тартып отырғанын» айтты.
Путин өз сөзінде бүлікшілерді «түзетілмес және қайғылы, қайталанбас қателік жасап алмауға, бірден-бір дұрыс таңдау – қылмыстық әрекеттерге қатысуды тоқтатуға» шақырды. Ол биліктің болып жатқан оқиғаларға өте қатқыл да қатал жауап қайтаратынын ескертті.
ТАСС диктатордың осыған байланысты айтқан сөздерінің тезистерін теріп ұсынды.
Путиннің айтуынша, Ресей әскерлері қазір «неонацистерге және олардың қожайындарына» қарсы ерлікпен шайқасып жатыр, «іс жүзінде Батыстың барлық әскери, экономикалық, ақпараттық машинасы РФ-ға қарсы бағытталған».
Ел «біздің адамдарымыздың өмірлері және қауіпсіздігі үшін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін, Ресейдің мыңжылдық тарихы бар мемлекет болып қалу құқығы үшін» күреседі.
Ресей Ресей халқының «тағдырын шешіп жатыр», сондықтан «біздің жауларымыз пайдаланып кететін нәрселердің бәрі ығыстырылып тасталуы керек».
Әлбетте, Путин әдеттегідей өтірікті соғып жіберді. 1480 жылы алғаш рет дербес дәулет болып ірге көтерген Ресей мемлекетінің тарихына әлі мың жыл толған жоқ, бар болғаны 543 жыл ғана болды.
Бұдан кейін сатқындық, қоғамдағы бөлінушілік жайлы біраз айта келіп, бүлік шығарып отырғандар аяусыз жазаланатынын баяндады.
Путин сөз орайында қазір Дондағы Ростов қаласының «Вагнер» жеке әскери компаниясы жауынгерлерінің қарауында тұрғанын мойындады. Компания қалаға әскери техникалары мен жауынгерлерін орналастырды.
Бұдан кейін «музыканттар» Мәскеуден 500 шақырым жерде тұрған Воронеждегі барлық әскери нысандарды да толық басып алды. Мұны ресейлік күштік құрылымдарда өз мәнбелері бар Reuters пен BBC баяндады.
«Вагнершілер» Липецк облысының территориясынан да көктей өтіп барады. Тент жабылған фураларда шамасы 4 мың адам болатын жеке құрам жауынгерлері бар.
Қазір Мәскеу мен оның айналасы үлкен дүрбелеңге көміліп жатыр. Қалаға сырттан әскерилер мен түрлі техникалар әкелінуде. Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Кремль үлкен үрей үстінде.