Теңіз қолтығына тығылып ап, бұйығып жатқан біздің Қаратереңде о баста екі кітапхана бар еді. Біріншісі – Тарас Шевченко атындағы Қаратерең орта мектебінің кітапханасы. Күнделікті сабағы сонда болған соң, оқушы біткен мұнда жиі бас сұғады. Мектеп кітапханашысы Емен Жұбаниязова сұраған дүниеңді лезде тауып береді, қай кітапта не бар екенін жалықпай түсіндіреді. Есімі Емен болғанымен, мінезі емендей қатты емес. Керісінше, жаны жайсаң апайымыз кітап алуға келген әр баланы маңдайынан сипап, мейірленіп, айналып-толғанып отырады.
Осы шағын кітапханадағы кітаптың бәрін кеміріп, түбін көре бастағандар ауылдағы екінші кітапхананы «жаулап» алуға аттанады. О, ол шаңырақтың босағасынан аттау оңай емес. Қаратереңнің ауылдық кітапханасында кітап дегенің аткөпір. Өз алдына бөлек салынған жеке үй. Есігіне қолың жеткенше бес-алты баспалдақтан аттап, еңбектеніп көтерілесің. Бала кезімде екі-үш бөлмені ғана жайлап жатқан сол кітапхана үйі маған зәулім әрі еңселі ғимарат секілді сезілетін. Көрмегенге көсеу таңның әсері шығар. Өмірімізге нәр, көңілімізге әр берген осы екі мәдениет ошағын қалай салыстырсам екен?! Бейнелеп әрі әсірелеп айтсақ, алдыңғысы кәдімгі Ғазиза Құбайбергеннің бұрын басқарған Алматыдағы кітапханасы секілді де, соңғысы ол қазір тізгінін ұстаған Ұлттық академиялық кітапхана сияқты ғой. Әрине, ол екеуіндей қайдан болсын, тек баяғы бала қиялдың келесі ғасырға дейін жетіп жатқан даңғаза дүмпуі де…
Хо-о-ош… Ауыл кітапханасының меңгерушісі Тыныштық Ошақбаев бала біткенге ертелі-кеш еміреніп отыратын Емен апамдай тым ақкөңіл емес. Түрі сұсты. Бір аяғын едәуір сылтып басады. Қолына үнемі таяқ ұстайды. Сондықтан бұл мекеменің табалдырығын жүрексіне аттайсың. Еменге еркелегендей еркін сөйлей алмайсың бұл жерде. Түйеге мінуін мініп алып, енді түсе алмай тұрған баладай міңгір-міңгір етесің.
Ол сені сұрақтың астына алады. «Кімнің баласысың? Жұмаханның? А?! Өткенде «Кемпірдің баласымын», – деп жүргенің қайда? Осы уақытқа дейін қанша кітап оқыдың? Бір кітапты неше күнде оқисың? Алған кітабыңды жоғалтқан кезің болды ма? Үйіңде сенен басқа кітап оқитындар ма өзі? Күндіз-түні жұмыста жүрген әкең байғұстың кітап оқуға қолы тимейтін шығар? Кітапты шимайлап тастайтын әдетің жоқ па? Жоқ? Қаттырақ айтсайшы. Мәледес! Бері кел!».
Міне, осындай ауыр сыннан аман-есен өткізіп алғаннан кейін кітапхананың картотекасын ақтарып, саған арнап карточка ашады. Соны асықпай толтырады. Кітапты күтіп ұстау қажеттігін қайта-қайта есіңе салады. Жартастан да ауыр жауапкершілік жүктейді. Өзі қас қарайғанда кітапханаға қара құлыпты салып, басқышпен қинала түсіп, ақсаңдай басып, ана ауылдағы шеткі үйіне қарай аяңдап бара жатады. Бала біткен ойынды тастай салып, жұпынылау киінген, бірақ үнемі мұнтаздай таза жүретін тиянақты Тыныштық көкем әбден ұзағанша соңынан көз алмай қарап тұрады. Сол кезде бізге ол кісімен бірге бүкіл кітапхананың қасиеті, кітап атаулының құдіреті кетіп бара жатқандай сезіледі…
Тіпті мектеп қабырғасында жүргенде жазған алғашқы мақаламның бірі осы Тыныштық ағам туралы еді. Ұмытпасам, «Оқырмандар – достарым» деп аталады-ау деймін.
Сөйтіп, қиян шеттегі Қаратереңнің осы екі кітапханасының арасында жүріп өсіп-жетілдік. Сол қастерлі қос шаңырақ өмір-өрісімізге, оқу-тоқуымызға, жазу-жазуымызға кәдімгідей әсер етті. Бұл енді рас.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
2022 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




