РФ Солтүстік Қазақстанды басып алуға үндейтін насихатты бастады (видео)
МӘСКЕУ. 24 сәуір. Ресей пропагандасы Солтүстік Қазақстанды Ресей құрамына кіргізу қажеттілігі жөніндегі дебатқа кірісіп кетті. Бұл туралы ресейлік ресурстар ақпарын ақтарған rast.kz хабарлайды.
Ресей әскери насихатшылары РФ бұқаралық ақпарат құралдарында тікелей эфирде Қазақстанға басып кіру жайлы ақпарды ашықтан ашық айта бастады.
Әлбетте, мұның сыртында Кремльдің тұрғанында еш күмән жоқ. Бұған пропагандистердің тым еркін де батыл сөйлеулері толық айғақ бола алады. Агрессор елдің Украинаға соғыс ашуы да басында осындай пропаганда арқылы өзінің негізін қалаған, Ресей халқының санасын осылай улаған.
Бұл жолы тікелей эфирде Мәскеудің басты жаршыларының бірі – «Комсомольская правда» газетінің әскери тілшісі Дмитрий Стешин Мәскеу Солтүстік Қазақстанды өзіне қайтарып алуы керек деп мәлімдеді. Оның ойынша, бұл жерлер Ресейдің құрамында болуға тиіс екен.
Стешин Қазақстанның солтүстігіндегі облыстар «Ресейдің тарихи жерлері» болып табылады, сондықтан РФ оларды аннексиялап алуға толық құқылы дегенді айтты.
«Қазақстанда орыс тілділер орасан зор көп. Мен бұл жерлерге біздің тарихи құқымыз бар деп есептеймін. Бұл қалаларды біздің ата-бабаларымыз салған. 1991 жылы біз неге оны сыйлап жібергенбіз, не үшін?» – деп мәлімдеді журналист.
Желіде Қазақстан ресми түрде РФ-ның ҰҚШҰ және Еуразиялық одақ бойынша одақтасы болып отырғанына қарамастан, Мәскеудің бұл мемлекет тарапына бағытталған риторикасы Ресейдің Украинаға кең ауқымды шабуылмен басып кіруінен бірнеше жыл бұрын бастап кеткен пропагандасынан ешқандай айырмасы жоқ екені айтылып жатыр. Ресей өзінің барлық көршілерімен ұрыс-керіс орнатып, онсыз да аз қалған әріптестерін жауға айналдырудың берік жолына түскен екен, депу жазуда желі пайдаланушылар.