РФ депутаты Федоров Арменияның КСРО-дан шығуы заңсыз деді
МӘСКЕУ. 15 сәуір. РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Арменияға Кеңес Одағының құрамынан заңсыз шықты деген айып тақты. Бұл туралы ресейлік News.ru ресурсына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ресей думасының депутаты осы арқылы іс жүзінде Армения территориясына көз алартып отыр. Оның ойынша, республика өзі тарап кеткен КСРО-дан заңсыз шығып кетіпті-міс. Ол кезінде Ресейдің де Одақтан шығып кеткенін білмейтін сияқты.
Қазақстан жұртшылығы бұл депутатты бұдан бірқатар уақыт бұрын біздің республикаға Ресейдің ежелгі жерін алып кетті деп сандырақтағаны арқылы жақсы біледі.
Дума депутаты Евгений Федоров бұл жолы Арменияны КСРО құрамынан заңсыз шығып кетті деп соқты. Агрессор елдің өкілі осыған байланысты әлдеқандай бір «халықаралық құқыққа» сілтеме жасады.
«Армения КСРО-дан шыққан жоқ, демек, кеңес мемлекетінің ізбасары – Ресейден де шыққан жоқ. Сол себептен Мәскеу мен Ереван бұдан арғы қатынастарын осы статусқа байланысты қайта құрулары керек… Бұл даулы территория», – деді Федоров.
Путин режимінің Арменияға қатысты риторикасы одақтас мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына байланысты күшейіп отыр.
Бұл проблема Арменияда 2018 жылы болған революцияның нәтижесінде Мәскеуді қолдаушы премьер тағынан тайдырылып, орнына оппозиционер Никол Пашинян келген кезде-ақ басталған. Алайда, шын текетірес 2020 жылы Қарабақтағы ұрыс қимылдары кезінде Мәскеудің Ереванға көмек көрсетуден бас тартуынан кейін басталды. Бұл соғыста Армения жеңіліп, капитуляцияға қол қоюға мәжбүр болды.
Екі арадағы қарым-қатынас содан бері нашарламаса, жақсарған жоқ. Мұны РФ диктаторы Путинді Халықаралық соты соғыс қылмыскері деп жариялағаннан кейін Арменияның оны ұстап беруден бас тартпайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, Ереван 2023 жылы НАТО-мен бірлесіп, әскери жаттығу өткізетінін ресми түрде растады.