Бір жыл ішінде 3 мыңнан астам ресейлік Грузияның азаматтығын алды
ТБИЛИСИ. 10 сәуір. Грузия әділет министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы 3,3 мың ресейлік Грузия елінің азаматы атанған. Бұл туралы «Sputnik Грузия» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
Жыл ішінде 1666 ресейлік айырылып қалған азаматтығын уақытша қалпына келтіру құқығын пайдаланған, 1625 адам оны ерекше жағдайға байланысты алған. Тағы төрт адам Грузияның бұрынғы азаматтары есебінде республика паспортына қайта қол жеткізсе, екі адам жеңілдетілген тәртіппен грузин елінің азаматы болып шыққан.
Бұған қоса, 421 ресейлік 2023 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында Грузия азаматы болып үлгерген.
Грузия РФ армиясы Украинаға соғыс ашқалы және мобилизация жариялағалы бері ресейліктердің көптеп қашып келетін мемлекеттерінің біріне айналды. Грузия президенті Саломе Зурабишвили ханым 2022 жылғы қараша айына дейін республикаға 700 мың ресейліктің келгенін, солардың 100 мыңы елде қалып қойғанын баяндады.
Грузия сыртқы істер министрлігі жылдық қорытынды есеп бойынша, елге 1 460 ресейліктің келгенін мәлімдеді. Бірақ кейін олардың қаншасы кетіп, қаншасы қалып қойғанын нақтылай қоймады.