ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Зайсандықтар Қытайдан келгендерді емдеуге қарсы шықты

ӨСКЕМЕН. 20 ақпан. Зайсан ауданының тұрғындары кеше түнде биліктің Қытайдан келген азаматтарды жергілікті ауруханада тексеруден өткізу жөніндегі шешіміне өздерінің наразылықтарын білдірді. Бұл туралы YK-news.kz хабарлады.

Мұның алдында, 19 ақпан күні YouTube желісінде Зайсан ауданының Қытаймен шекарадағы ауылдарында тұратын тұрғындары коронавируспен ауырған азаматтардың жергілікті ауруханада жатқызылуларына наразылық білдіріп, қарсы шыққандары туралы ақпар тарады. Кадр сыртында тұрған адам олардың қарсылық ретінде ауруханадан төсек-орындарды сыртқа шығарып жатқандарын айтып тұрды. Олар коронавируспен ауырғандарды Қазақстан территориясына кіргізбеу турасында талап етті.

Зайсан қаласы әкімінің аппаратындағылар бұл ақпарды растады. Жергілікті биліктің мәліметінше, бір түсінбестік орын алған. Шын мәнінде аурухана еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес жұмыс жасаған. Құжатта ҚР территориясына келген коронавирус ауруының ықпалы бар жерлерден келген азаматтар медициналық бақылауда болуға тиіс екені атап көрсетілген. Оларды дәрігерлер 14 күн бойы тексеруден өткізеді.

Жұрт мұны дұрыс түсінбей, наразылық шеруіне шығып кеткен. Олармен енді түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір, әкімдік қызметкерінің айтуынша, Зайсанға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келген. Оны қасында санитарлық дәрігерлер де бар.

Бүгін Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігіндегілер коронавирустың ықпалы бар елдер – Сингапурдан, Жапониядан, Таиландтан, Кореядан, Гонконгтан, Макаодан және Тайваннан келген кісілердің медициналық тексеруден өтетіндерін хабарлады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button