Жалолов: «Әлем боксында Қазақстан мен Өзбекстан үздіктер сапында»
Қазір әуесқойлар боксының аса ауыр салмағындағылар үшін Өзбекстан саңлағы Баходир Жалоловтан артық қауіпті қарсылас табу қиын. Оның бойы орасан биік (201 см), өзі рингте үнемі ылғи алға ұмтылып, бәсекелесіне соққы жасап тұрады… Оған «Үлкен өзбек» (Big Uzbek) деген атау бекер таңылмаған. Шын мәнінде де, жұмсартып айтқанда, үлкен (кәтта). Өзі Токио Олимпиадасының чемпионы, Екатеринбургте (Ресей) өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, Азияның үш мәрте чемпионы. Өзінің салмақ дәрежесінде планетадағы ең күшті болып тұр.
Жақында Софияда болып өткен «кіші әлем чемпионаты» деген жанама аты бар «Странджа» Кубогында Баходир бар болғаны 1/8 финалда ғана бір жекпе-жек өткізіп, жеңімпаз атанды. Бұдан кейін Жалоловпен тиісінше ширек финалда, жартылай финалда және финалда кездесу реті келген қазақ Қамшыбек Қоңқабаев, әзербайжан Мухаммад Абдуллаев және армян Давид Чалоян шайқасқа шықпады. Республикалық Sports.kz интернет-порталының тілшісі Баходир Жалоловпен хабарласып, одан қазақстандық бокс жанкүйерлері үшін бірнеше сұраққа жауап беруді өтінген еді.
– Баходир, сіз «Странджа» турнирінде үш бірдей қарсыласыңыздың рингте өзіңізге қарсы шығудан бас тартқанын қалай қабылдадыңыз?
– Олардың өз жоспарлары бар ғой, олар да әлем чемпионатына дайындалуда. Сондықтан менімен шайқасып, жарақат алып қалудан сақтанған шығар.
– Сіз өзіңізді өзгелерге үрей туғызатын боксшымын деп ойлайсыз ба?
– Мен өзімді ешқашан әлемдегі ең үздік боксшымын деп есептеген емеспін. Менің де өз жоспарларым бар, олар – әлем чемпионаты мен Олимпиада. Одан әрі кәсіпқойлар арасындағы төрт белбеуді де жеңіп алғым келеді. Тек сол кезде ғана өзімді әлемдегі үздік боксшы болдым деп айта аламын. Қазір, дәл осы мезетте мен үздік емеспін.
– Қамшыбек Қоңқабаевпен ұрысыңыз өтпей қалғанына таңғалған жоқсыз ба? Жұрттың көбі осы текетіресті күтіп еді.
– Қамшыбек – жақсы боксшы. Ол әлемнің әуесқой боксындағы үздіктердің бірі. Мен оны жақсы боксшы деп санаймын. Ол – мен үшін ауыр салмақтағы ең үздік. Өте жылдам қимылдайды. Оның ұстазы, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов – әлемдегі үздік бапкерлердің бірі. Өте жақсы адам, біз онымен адами жақсы қарым-қатынас жасасып тұрамыз. Біз рингте қарсыластар болғанымызбен, ол ылғи кеңесін беріп тұрады – барлық уақытта бізге жанашырлық танытады. Мен оны құрметтеймін.
– Қамшыбек сіздің жеке өзіңізге болмай қалған шайқас туралы ештеңе деген жоқ па?
– Жарақаты бар ма, жоқ па, – бұл жайында ол менің жеке өзіме ештеңе деген жоқ. Шынын айтқанда, оның неге бас тартқанын білмеймін.
– Соңғы уақыттары біз сіздің Қамшыбекпен бірге түскен рәсімдеріңізді немесе видеоларыңызды жиі көріп жүрміз. Былайынша, қарым-қатынастарыңыз бар сияқты, дегенмен, араларыңызда әлдеқандай сақтықтың да белгілері бар екені байқалады. Бұл расында солай ма, жоқ, жалған әсер ме?
– Біз Қамшыбек екеуміз жақсы қатысып тұрамыз. Ол жақсы дос, жақсы жігіт. Адам есебінде жақсы. Екеуміздің әңгімемізде ол – қазақша, мен өзбекше сөйлейміз. Таза достық жағдайында қарым-қатынас жасасамыз.
– Сіз қалай ойлайсыз, соңғы кездері әуесқойлар боксында Өзбекстан Қазақстаннан қалай озып кете бастады?
– Әркімге де өзге елден гөрі өз отаны күштірек болып көрінетіні түсінікті. Қазақстан да көптеген чемпиондары бар күшті бокс державасы. Қазақстанда да жақсы боксшылар бар. Мен Өзбекстан күшті болып кетті деп ойламаймын, біздің екі ел де күшті. Осылай деп ойлаймын. Қазір Азияда, тіпті әлемде Қазақстан, Өзбекстан, Куба ең алдыңғылар. Әлем боксындағы күштілер.
– Бізде өзбектер шайқасқа барынша жігерленіп шығады, қазақтар техникаға көбірек көңіл бөледі, қорытындысында жеңіліп қалады деген жиі айтылады. Бұл туралы не дейсіз?
– Бізде де қазақ боксшылары өзбектермен қашанда барын салып шайқасады дейді. Бұл бокс қой енді. Волейбол емес, баскетбол емес. Барлық елдерде техникалық боксшылар бар, әркімнің өз стилі бар. Бізде де техникалы боксшылар бар, барлық уақытта танк сияқтанып тұра ұмтылатындар да бар. Мәселен, 57 кг салмақтағы Абдумалик Холиков – шебер боксшы. Шебер боксшылар тек Қазақстанда ғана емес, басқа жерлерде де жеткілікті. Білмеймін… Біздің боксшылар ешқашан олай екіленіп шықпайды. Кімде-кем екіленсе, сол жеңіліп қалады. Мен солай ойлаймын.
– Біздің түсінгеніміздей, сіздің қазіргі сәттегі мақсатыңыз Париж Олимпиадасының «алтыны» ғой. Ал кәсіпқойлар сапындағы үлкен ұрыстарыңыз қашан болады?
– Иә, менің бірінші жоспарым – биыл мамыр айында Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасында топ жару. Екінші олимпиялық алтын медальды алғым келеді, содан кейін кәсіпқойлар қатарында жұдырықтасамын. Олимпиададан кейін менің үлкен шайқастарым басталады. Мен Топ-15 легіндегі боксшылармен күш сынассам деймін.
– Қамшыбектен басқа тағы қандай аса ауыр салмақты қазақстандық боксшыларды білесіз?
– Иә, білетіндерім бар. Иван Дычко, сосын Кособуцкий… Шыны керек, Жанның шайқастарын көргем жоқ. Тек Дычконы жақсы білемін – мен одан үш рет жеңіліп қалғам. Егер кәсіпқойлар сапында реванш қайтаруға мүмкіндік беріліп жатса, онымен міндетті түрде ризалықпен жұдырықтасар едім.
4 наурыз, 2023 жыл
Орысшадан аударып жариялаған rast.kz сайты
Ескерту! Тағы да ескертеміз!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады