«Странджа-2023»: Қазақ боксшысы турнирді нокаутпен бастады (видео)
СОФИЯ. 20 ақпан. Болгарияның астанасы – София қаласында бүгін басталған бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирін қазақ боксшысы жеңіспен ашты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл күні бізден шаршы алаңға жалғыз боксшы – 60 килоға дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай ғана шықты. Ол итальян Даниел Салерномен қолғап түйістірді. Жекпе-жектің үшінші раундында Ерасыл бәсекелесін нокдаунға жіберді. Бұдан кейін екінші нокдаун орын алды. Артынша итальян боксшысы бірнеше ауыр соққыға ұшыраған кезде, рефери ұрысты кілт тоқтатып, қазақстандықтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.
Алғашқы екі раундтағы төрешілер жазбалары бойынша да біздің бағлан алда тұр еді – 20:17, 20:18, 19:19, 20:17, 20:18.
Ал турнирге 27 боксшыдан тұратын үш құраммен келген Өзбекстан терма жамоатынан жарыстың бірінші күні төрт боксшы сайысқа түсіп, төртеуі де жеңіс тойын тойлады. Олар: Дилшод Абдумуродов (60 кг), Бекзод Хамидов (67 кг), Икболжон Холдоров (71 кг), Саиджамшид Жафаров (71 кг).
Ертең, 21 ақпан күні біздің 5 боксшымыз рингке көтеріледі:
Күндізгі сессия (17:00)
57 кило. Оразбек Асылқұлов – Джуд Галлахер (Ирландия)
63,5 кило. Ертуған Зейнуллинов – Конде Ойер Ибаррече (Испания)
Кешкі сессия (22:00)
54 кило. Бекзат Алдамжаров – Биллал Беннама (Франция)
67 кило. Темірхан Тезек – Пламен Янков (Болгария)
86 кило. Бекзат Таңатар – Картик (Үндістан)