Еуроодақтың жетінші елі Ресейді «террорлық режим» деп таныды
БРАТИСЛАВА. 17 ақпан. Еуропа одағының тағы бір мемлекеті – Словакия Ресей режимін террорлық, ал Ресейді террорлыққа дем беруші мемлекет деп жариялады. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.
Кеше Словакияның Ұлттық кеңесі осыны қуаттаған қарар қабылдады.
Парламент Ресейдің Украинаға агрессиясын айыптады, соның ішінде елдің «бейбіт тұрғындарына, азаматтық нысандарына мен түйінді энергетикалық инфрақұрылымдарға кең ауқымды шабуыл жасауларын» барып тұрған зұлымдық, адамдықтан безгендік деп бағалады. Қарарда мұнымен қатар Кремльдің ядро қолдану жөнінде қоқан-лоққы жасап қоюшылығы тура және жанама сыналып өтеді.
Депутаттар сондай-ақ Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына қолдау көрсететіндерін білдірді. Құжатта Словакияның Ресей басып алған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарындағы жалған референдумдарды мойындамайтыны айтылған. «Бұл территориялар Украинаның бір бөлігі болып қалады», – делінген қарарда.
Бұдан бөлек, Словакия парламенті халықаралық қауымдастықтың Ресейдің Украиндағы соғыс қылмыстарын тексеруге арналған арнайы трибунал құру жөніндегі талпыныстарына қолдау көрсетті.
Ұлттық кеңес сондай-ақ Ресейдің Словакия территориясында жүргізіп отырған гибридтік соғысын айыптады.
Бұған дейін тап осы мазмұндас қарарды Латвия, Литва, Эстония, Польша, Чехия және Нидерланд қабылдаған болатын.
23 қарашада Еуропарламент РФ-ны «терроризмге демеуші мемлекет» деп тану жөнінде шешім қабылдады. Қарарда Ресейдің Украина тұрғындарына қарсы «алдын ала ойластырылған шабуыл мен айуандық» әрекеттер жасап отырғаны атап көрсетілді. Құжатта сондай-ақ аталмыш қарардың «президент Владимир Путин мен оның үкіметін халықаралық трибунал алдында жауапкершілікке тартуға негіз дайындайтыны» атап көрсетілді.