Украина авиациясы РФ әскерлері шоғырланған жерлерге әуеден соққы берді
КИЕВ. 8 қаңтар. Бүгін Украина авиациясы Ресей әскерлері шоғырланған аудандарға 10 мәрте соққы жасады, екі рет зенитті-ракета кешені олардың позицияларын атқылады. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
«Украина Қорғаныс күшінің ракета және артиллерия әскерлері бөлімшелері өз кезегінде оккупанттардың адам күштері жиналған екі аудан мен жанар-жағар майлары қоймаларына күйрете соққы берді», – делінген Бас штабтың кешкі мәліметінде.
Бұдан бөлек, украин жауынгерлерінің тәулікте жаудың үш БПЛА-сын, дәлірегі «Орлан» дронын, үш тікұшағын атып түсіргені айтылады. Тікұшақтардың бірі Ми-24, екіншісі – Ка-52, ал үшіншісінің маркасы анықталып жатыр.
Украин әскерлері осы күні Донецк облысының Бахмут қаласы түбінде басқыншылардың бір тірек бекетін басып алды.
«Орыстар түні бойы сол бекетті қайтарып алу үшін жанталасты», – деп атап көрсетті штабтағылар.
Алайда дұшпан алдында тастып шыққан позициясына қайтып орала алмаған. Осы шайқаста украиндар 18 оркты жер жастандырып, 24-ін жаралаған.
«ДХР» деп аталатын мойындалмаған құрылым әскери бөлімшесінің бұрынғы командирі Игорь Гиркин-Стрелков бүгін Украинадағы барлық майдан шептерінде кескілескен шайқастар жүріп, артиллериядан атқылаудың ерекше қарқын алғанын айтты. Ол РФ әскерлерінің бұл ұрысты жеңіліске ұшырағанын мойындады.
«Украина «Хаймерстерінің» біздің Мелитопольдегі әскери қоймаларымызды екі рет астаң-кестең еткені туралы мағлұматтар бар», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Мелитопольдің басшысы Иван Федоров бұдан бұрын жау басып алған Мелитопольдегі «Гидромаш» зауытына жақын жерде жарылыстар болғанын айтқан болатын.