Тыва билігі соғыста қаза тапқандар отбасына тегін отын беріп жатыр
КЫЗЫЛ. 27 желтоқсан. Тываның ауыл шаруашылығы министрлігі Украинадағы соғыста қаза тапқан Саян Монгуштың отбасына отын түсіріп бергені жөнінде есеп берді. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Отыз жастағы марқұмның артында бес баласы жетім қалған.
«Кызыл орман шаруашылығының қызметкерлеріне құрбан болған азаматтың отбасына отын ағашы түрінде шұғыл көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамыз», – делінген министрлік сайтындағы хабарламада.
Бірақ ведомостводағылар қаза тапқан жауынгердің отбасы нақты қанша мөлшерде ағаш отын алғанын ашып айтпайды.
Жарияланым жергілікті тұрғындардың айтарлықтай ашу-ызаларын туғызды. Осыдан кейін әкімшілік парақшадағы комментарийлерді тоқтатып тастады. Сонымен бірге, көп балалы әкенің қалай соғысқа алынып жүргені түсініксіз болып қалды.
Тыва – Ресей қорғаныс министрінің отаны, елі, туған жері. Республикада қазір Сергей Шойгуды осы заманның батыры, қаһарманы етіп жырлайтын дастандар да жеткілікті. Ол бұрынғы халық аңыздарының ізімен жазылып, сол заманнан бастау тартып, министрдің ата-бабаларынан бері қарай өзіне дейін жеткізіледі.
Тыва – Ресейдегі халқы ең кедей тұратын аймақтардың бірі. Мұндағы халықтың 34,1 пайызы өте кедей тұратындар қатарына жатады. Әлбетте, бұл цифрдың өзі біраз түзетіліп беріліп отырса керек.
Тыва 1921 жылдан 1944 жылға дейін дербес, тәуелсіз мемлекет болған. Ал 1944 жылы қазан айында РСФСР құрамына кірген.
Өңір басшысы Владислав Ховалыг мобилизацияға ілінген азаматтар отбасындағы әр бала үшін 5000 рубльден, бір тірі қойдан, сондай-ақ 50 кг ұн, екі қап картоп және капуста апарып беруді тапсырды.