Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Еуропарламент Ресейді терроризмге дем беруші мемлекет деп таныды

СТРАСБУР. 23 қараша. Еуропарламент Ресей Федерациясын «терроризмді демеуші-мемлекет» деп тану туралы қарар қабылдады. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Құжат бүгін Страсбурде өткен сессияда көпшілік дауыспен қабылданды. Қарарды қолдап 494 депутат дауыс берді, 58 депутат қарсы болды, ал 44 өкіл қалыс қалды.

Шешім Ресейдің «украин жеріне басып кіргелі бері Украина мен оның азаматтарына қатысты жасаған қатыгез және адамдыққа жат әрекеттеріне» байланысты қабылданып отыр. «Ресейдің Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы алдын ала ойластырып жасаған шабуылы мен айуандықтары, азаматтық инфрақұрылымдар нысандарын жою және адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықтарды тағы басқа өрескел бұзушылықтар Украина тұрғындарына қарсы жасалған террорға теңестіріледі және соғыс қылмыстары санатына жатқызылады», – делінген хабарламада.

Жоғарыда айтылған тұжырымдарға сәйкес, Еуропа парламенті «Ресейді терроризмнің демеуші мемлекеті және террорлық тәсілдерді қолданатын ел» деп таниды.

Қарарда сондай-ақ Еуропалық кеңестен «Вагнер» жеке әскери ұйымын, Ахмат Кадыров атындағы 141-ші арнайы моторландырылған полкты және «Ресей қаржыландыратын басқа да милитарлық топтарды» ЕО-ның тиісті санкцияларына ұшырайтын террорлық ұйымдар тізіміне кіргізу сұралды.

Қарар Ресей Украинаның сыни-қатерлі инфрақұрылымдар нысандарына жаппай соққы бергеннен кейін қабылданды. Оның мәтіні 17 қарашада мақұлданды.

Баспасөз парақшасында бұл құжаттың «Ресей президенті Владимир Путин мен оның үкіметін жасаған барлық соғыс қылмыстары үшін халықаралық трибунал алдында қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз қалау мақсатында қабылданып отырғаны» атап көрсетілді.

Украина президенті Володимир Зеленский Еуропарламенттің бұл шешімін қолдайтынын білдірді. «Ресейдің Украина мен әлемдегі көп жылға созылған терроризм саясатына тұсау салу үшін оны барлық деңгейде оқшауландырып, жауапқа тарту қажет», – деді ол.

Мұның алдында, бұдан 3 күн алдын НАТО-ның Парламенттік ассамблеясы да Ресейді «террорлық мемлекет» деп тану туралы қарар қабылдаған болатын. Оны Солтүстік альянстың барлық 30 мемлекеті түгел қолдады. Тіпті Ресей өзіне «дос» санап жүрген Түркия мен Венгрия да қалыс қалған жоқ.

Мұндай қарарларды оның алдында Латвия, Литва, Эстония, Польша және Чехия парламенттері де қабылдаған еді.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button