Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Польша аумағына түскен ракета Украина жерінен атылған болуы мүмкін

ВАРШАВА. 16 қараша. Кеше поляктың Пшеводув селосына түскен снарядты Украинаның әуе шабуылы қорғанысы жүйесі атқанға ұқсайды. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Агенттік мұны өзінің үш түрлі мәнбесіне сүйенгенін атап көрсетеді.

Алдын ала бағамдауға сәйкес, Украина Қарулы күштері ракета Ресейдің жақындап келіп қалған нысанасын көздеп атылған болуы керек. Инцидент соғыс басталғалы бергі Ресейдің Украина тұрғындарын жылу мен жарықсыз қалдыру үшін елдің энергетикалық нысандары бойынша 100-ге жуық ракета жөнелтілген ең кең ауқымды атқылауы жүріп жатқан кезде орын алған.

CNN-ның мәліметіне қарағанда, НАТО-ның Польша әуе кеңістігінде өз миссиясын орындап жүрген барлау ұшағы поляк селосындағы астық кептіру қоймасына келіп түсіп, екі адамның өмірін жұлып кеткен снарядтың қайдан ұшып шыққанын жазып алған болып шықты. Жинақталған барлық барлау деректері, соның ішінде радарда жазылып қалған ракетаның ізі түсірілген кадр альянс пен Польшаның басшылығына тапсырылған.

G7 лидерлерімен «шұғыл үстелде» бас қосқаннан кейін АҚШ президенті Джо Байден өзінде ракетаның Ресей территориясынан шыққанын «жоққа шығаратын қосымша ақпар бар» екенін айтты. Мұнда ол зымыранның ұшу траекториясына назар аудартты. Сосын нақты тұжырым мен шешім шығармас бұрын алдымен толық тексеру жұмыстарын жүргізу керек екенін мәлімдеді.

16 қарашаға қараған түні Польша президенті Анджей Дуда «ұшырылған ракетаның Ресей өндірісінен шығарылған болуы мүмкін» екенін алға тартты. Алайда, оны кімнің атқанын нақтылай қоймады.

Бүгін Польша сыртқы істер министрлігі жағдайды толық түсіндіріп беру үшін Ресей елшісін шақырды. Ал РФ қорғаныс министрлігі өз кезегінде Ресей ракетасының Польша жеріне барып түсуі мүмкін емес екенін баяндады. Әскери ведомство болған оқиғаны «арандату» деп бағалап, оның мақсаты жанжалды ушықтыра түсу екенін атап өтті.

«Снаряд сынықтарына қарағанда, әңгіменің Ресейдің X-101 маркалы қанатты ракетасы хақында болып отырғанын аңдауға болады», – деп жазды Polsat News-тің Украинадағы тілшісі Матеуш Лаховски. Поляк журналисі түсірген суреттерді мұқият зерделеп шыққан  Украина қорғаныс министрлігіндегі сарапшы да осындай ұйғарымға келіп отыр. Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің спикері Юрий Игнаттың мәліметінше, соның алдында ғана Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарын Х-101 және Х-555 қанатты зымырандарымен атқылаған.

Польшаның сұрауы бойынша НАТО елшілері бүгін, сәрсенбі күні поляк жеріне келіп түскен ракетаның қайдан атылғанын анықтауға кірісті. Поляк қорғаныс министрлігі бұл инциденттің Альянстың 4-бабына сәйкес қимыл жасауға келетін не келмейтінін анықтап беруді ұсынды. Ал аталмыш бапқа сәйкес, НАТО мүшелерінің өздерін алаңдатып отырған кез келген жағдаят бойынша мәселе көтеруге құқылары бар.

Бұдан бұрын поляк үкіметінің баспасөз хатшысы Пётр Мюллер Польшаның бірқатар әскери бөлімдерін жауынгерлік дайындық сапына қойғанын мәлімдеген болатын.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button