Түрікмендер Әзербайжан мен Ресейге көптеп кетіп жатыр
АШХАБАД. 7 ақпан. 2019 жылы Әзербайжанға қоныс аударғандар қатарының 84 пайызын Түрікменстаннан келгендер құрады. Бұл туралы Әзербайжанның Trend хабар агенттігі хабарлады.
Әзербайжан мемлекеттік туризм агенттігінің дерегіне сілтеме жасаған портал тілшісі 2019 жылдың 11 айында Әзербайжан елінің халқы Түрікменстаннан келген 46 мың тұрғынның есебінен көбейе түскенін баяндайды. Бұл меже жыл ішінде сырттан келгендердің 91,9 пайызына тең болып тұр.
Түрікмендердің Ресейге қоныс аударушылығы да аз болып тұрған жоқ. 2019 жылы бұл елге ат басын тіреген Копет-даг азаматтарының саны 45 мыңға жетіп жығылыпты.
Өткен жылы Түрікменстан азаматтары арасында Ресейдің визасын алушылық 8 мыңға артты. Сонымен бірге, 1400 түрікмен Ресей азаматтығын алды.
Түрікменстан тұрғындарының басқа елдерге көші-қон тасқыны туралы «Метеожурнал» басылымы талдап жазды. Ол Росстаттың мәліметтеріне сілтеме жасап, 1993-1999 жылдар аралағында 110 153 мигранттың елден кеткенін келтіреді.
Бұдан кейінгі жылдары бұл үдере көшу үрдісі біршама бәсеңдей түседі. Атап айтқанда, 2000-2010 жылдары Түрікменстаннан Ресейге 48 324 мигрант кеткен екен.
Ресей Федералды статистика басқармасының мәліметі бойынша, 2010-2018 жылдары Түрікменстанның 461 608 азаматы Ресейге келген екен.