«Реалдың» футболшысы Карим Бензема «Алтын доп» иегері атанды
ПАРИЖ. 18 қазан. Бүгін Испанияда Мадридтің «Реал» командасында ойнайтын француз шабуылшысы Карим Бензема «Алтын доп-2022» жүлдесінің иегері атанды. Бұл туралы France Football хабарлады.
Карим Бензема өзінің футболшылық мансабы жолында бірінші рет «Алтын допқа» қол жеткізіп отыр.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтау салтанаты дүйсенбі күні кешке Париждің «Шатле» театрында болып өтті.
Бұл жүлде француздың France Football журналының версиясы бойынша тағайындалады.
Дауыс беру қорытындысыда екінші орынға Германияның «Бавария» клубының сенегалдық шабуылшысы Садио Мане ие болса, үшінші орынға ағылшынның «Манчестер Сити» жасағының бельгиялық жартылай қорғаушысы Кевин Де Брёйне көтерілді.
Қазір Карим Бенземаның жасы 34-те. Ол Еуропаның басты клубтық турнирі – Чемпиондар лигасының бес дүркін иегері атанды, төрт мәрте Испанияның чемпионы және бір сапар Испания Суперкубогының иегері болды. Француз футболшысы биыл Чемпиондар лигасында 15 доппен ең үздік мерген атанса, 27 доппен Испания Ла-лигасының көшін бастады.
Бензема биылғы 25 тамызда УЕФА-ның 2021/2022 жылғы маусымдағы версиясы бойынша Еуропаның үздік футболшысы атағын алды.
Ол «Реал» сапында 2009 жылдан бері ойнап келеді. Осы аралықта 328 гол соқты. Бұл көрсеткіш жағынан одан 450 доптың авторы атанған португал Криштиану Роналду ғана оза алады.
Маусымның үздік қақпашысы атағын «Реалдың» голкипері Тибо Куртуа жеңіп алды, оған Лев Яшин атындағы сыйлық табыс етілді.
«Алтын доп» жүлдесін France Football апталық журналының бас редакторы Габриэль Ано тағайындаған болатын. Оның бірінші сыйлығы 1956 жылы ағылшынның «Блэкпул» командасының форварды Стэнли Мэттьюзге тапсырылды. 2008 жылдан бері қарай бұл жүлдені екі футболшы – Лионель Месси мен Криштиану Роналду кезектесіп алып келді.
Бензема «Реалға» осымен он екінші «Алтын допты» алып берді.