Красноярскіде ата-анасы 13-тегі қызын шынжырмен байлап қойған
КРАСНОЯРСК. Ресейдің Краснояр өлкесіндегі бір елді мекенде 13 жасар қыздарын үйде шынжырмен байлап ұстаған ата-ана қолға түсті. Бұл туралы «Тайга.инфо» хабарлады.
Минусинскідегі Зеленый бор кентінде 40 жастағы әйел мен 43 жастағы ер кісі 13 жасар қыздарымен бірге тұрған. Ата-ананың ойларынша, қыздары түнде үйге «белгіленген уақыттан» кеш келе бастаған.
«24 мамырда қыздың әкесі әйелінің келісуімен баласын металл шынжырға таңып, оныы батереяға байлап қойған, – деді Краснояр өлкесі тергеу комитетіндегілер. – Бұдан кейін, 29 мамырда мас болып жүрген әйел қызды өз бетінше тұрбаға байлап тастаған. Ол осылайша оған тәрбие беріп отырмын деп ойлаған», – делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, бұл отбасы жасөспірім қызды мамырдан шілде айына дейін осылай шынжырмен байлап келген.
Қазір осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қыздың әкесі қамауға алынды, ал анасы ешқайда кетпейтіні жайлы тілхат беріп, бостандыққа шыққан.
Арнайы қызметкерлер үйдегі барлық баланы алып кеткен. Прокуратура ата-аналарды құқығынан айырудың амалын қарастырып жатыр.