Солтүстік Осетия ресейліктердің Грузияға өтуіне тосқауыл қойды
ВЛАДИКАВКАЗ. 28 қыркүйек. Солтүстік Осетия билігі «жоғары дайындық режимі» шеңберінде Ресейден келетін автомобильдердің Грузияға өтетін жолын жапты. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Осыған қатысты жарлыққа республика басшысы Сергей Меняйло қол қойды.
«Жоғары дайындық режимін енгізу туралы шешім – бұл лажсыздықтан туған уақытша шара: жағдайды жүгенсіз жіберуге болмайды. Транзитті транспорттардың орасан көп саны, өткізу бекетіне дейінгі аралықтағы көптеген шақырымдарға созылған кезек… Тек соңғы екі тәуліктің өзінде шекараның біздегі бекетінен Грузияға 20 мыңнан астам адам өтті», – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, өткізу бекетінде әскерге шақыру қағазын тарататын жедел топтап құрылған.
Солтүстік Осетия басшысының жарлығына сәйкес, шектеу Грузия, Солтүстік және Оңтүстік Осетия халықтарына, сондай-ақ тиісті құжаттары болған жағдайда санаторийлер мен пансионаттарға, демалыс үйлері мен турбазаларға барушыларға жүрмейді.
Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін Ресей-Грузия шекарасының Солтүстік Осетия жеріндегі «Жоғарғы Ларс» бақылау-өткізу бекетінің Ресей жақ беткейінде Украинадағы соғысқа барудан қашқан адамдар көліктерінің16 шақырымға созылған кептелісі пайда болған. Грузин билігінің мәліметі бойынша, 21-27 қыркүйек аралығында елге 53 мың ресейлік азамат келген.