Ресми Тбилиси Ресеймен шекараның жабылатынын растаған жоқ
ТБИЛИСИ. 25 қыркүйек. Грузия билігі елдің Ресеймен арадағы шекарасының дүйсенбіден бастап жабылуы мүмкін екені жайлы қауесетті растамады. Бұл туралы «Новости-Грузия» хабарлады.
Ресми Тбилиси бұған дейін бірнеше рет мемлекет территориясына ресейліктердің келулеріне әлдеқандай бір шектеу қою турасында сөз болып жатпағанын мәлімдеген болатын.
Шекараның жабылуы ықтимал екендігі жөніндегі ақпарлар оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының депутаты Нона Мамулашвилидің украинның «Freedom» телеарнасына берген сұхбатынан кейін тарай бастады. Ол өзінің ресми емес жағдайда Грузияның Ресеймен арадағы шекараны әскерге шақырылатын жастағы ресейліктер үшін жапқалы жатқаны жайлы естігенін айтқан еді.
Үкіметтің баспасөз қызметі «Новости-Грузия» тілшісіне бұл мәселе жөнінде бұдан бұрын берілген мәлімдемелерден өзге ешқандай түсіндірме бере алмайтынын айтқан.
Қаржы министрлігінің табыс қызметі Ресеймен шекарадағы өткізу бекетініғ бұрынғы тәуліктік режимде кідіріссіз жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
Ал Жоғарғы Ларса бекетінің Ресей жағындағы беткейінде төрт тәуліктен бері жеңіл көліктердің орасан зор кептелісі қалыптасқан. Ол Путиннің мобилизация жөнінде жарлық шығарған күнінен, 21 қыркүйектен басталған. Грузия билігі осы күндері Ресейден қанша адамның келіп кіргенін әзірге айта қойған жоқ. Ресей тарапының мәліметі бойынша, Жоғарғы Ларса бекетінен күнінен екі мыңға дейін жеңіл көлік өтіп тұр екен.
Ресейден апыл-ғұпыл қашқан қашқындар қазіргі күндері Грузиядан басқа, Финляндия, Беларусь, Молдова, Моңғолия, Қазақстан, Өзбекстан елдеріне барып жатыр.