Шыншыл блогер елден кетуге мәжбүр болды
ТАШКЕНТ. 20 қаңтар. Өзбекстандық 32 жастағы блогер Нафосат Оллашукурова (Шабнам) 18 қаңтар күні елін тастап шықты. Бұл туралы CentralAsia хабарлады.
Блогер «Элтуз» басылымына берген сұхбатында ТМД елдерінің біріне жетіп алғанын баяндапты. Оның айтуынша, психиатриялық кеселханадан шыққанынан кейін де өзін аңду мен ізіне түсу тоқтай қоймағасын, осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Енді қауіпсіздік тұрғысынан өзінің қайда барып тоқтағанын айта алмайтынын білдірген.
Блогер алғаш рет жындыхана түсіп шыққанынан кейін тағы жатқызуға үш рет әрекет жасалғанын айтады. «Мені алуға келгендерінде мен көшеде жүр едім, ата-анам маған мұны хабарлап үлгерді, сосын түннің жарымына дейін үйге қайта алмай далада жүрдім», дейді сұхбатында.
Өзбекстанда өтетін сайлау алдында Хорезмдегі психатриялық ауруханаға күштеп жатқызылған блогер Нафосат Оллашукурова сонда үш ай ұсталады. Ол тек 28 желтоқсанда арнайы келген комиссия Оллашукурованы мұнда енді ұстап отырудың орайы жоқ деп шешкесін ғана амалсыз босатылған.
Өткен жылдың 23 қыркүйегінде Facebook-ке Shabnam Olloshkurova деген никпен жазба жазған Нафосат Оллашукурова әкімгершілік қамауға алынған. Оған әртүрлі ұсақ-түйек тәртіп бұзушылық баптары жапсырылған. Ал үш күннен кейін ол Үргеніштегі психиатриялық ауруханаға жатқызылған.
Бұдан кейін блогердің ісіне Amnesty international, Cotton Campaign секілді халықаралық журналистерді қорғау ұйымдары араласып, Өзбекстан билігінен Нафосат Оллашукурованы босатуды талап еткен.
Блогер елден кетер алдында АҚШ елшісі Даниэль Розенблюммен «Өзбекстандағы сөз бостандығы» тақырыбында өткен шарада кездескен.