Қызылорда облысында «көгілдір отынның» бағасы төмендетілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 тамыз. Қызылорда облысының барлық тұтынушылары үшін газ бағасы 21 пайызға арзандатылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қызылорда облысында жұртшылықтың көп жылдардан бері көтеріп келе жатқан бір түйінді мәселесі оңынан шешілді – газдың едәуір арзандатылды.
Аталмыш мәселені жергілікті «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі өзі құрылған кезінен бері тапжылмай, қайтпай, осы кезге дейін табандатып көтеріп келді. Ақыры Сыр бойы тұрғындарының жанайқайын қабылдайтын, түсінетін, осыған тиісті мән беретін басшы табылды.
Тариф 1 тамыздан бастап енгізілді.
Осыған байланысты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін әлеуметтік желіде облыс халқына арнап, үндеу жариялады.
Онда былай делінген:
«Қадірлі жерлестер!
Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде газ тарифін төмендету бағытында оң шешім қабылданды. Бүгіннен бастап облыстың барлық тұтынушылары үшін газ бағасы 21%-ға төмендеді. Яғни 1000 текше метр үшін қосылған құн салығынсыз 16 496,52 теңгеден 13 043,49 теңгеге дейін кеміді.
Бұған дейін «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы өңірде 1,4 млрд.теңге негізсіз пайда тапқандығы анықталды. Компания бұл қаржыны 1 жыл ішінде бағаны төмендету арқылы қайтаратын болады. Уақытша төмен баға биылғы жылдың 1 тамызынан бастап 2023 жылдың 1 тамызына дейін жалғасады.
Ең бастысы – халық мүддесі. Тұрғындар үшін бұл әлеуметтік жағынан тиімді болмақ. Тариф бағасын төмендету жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Осы мәселені оңтайлы шешуге атсалысқан ел ағаларына алғысымды жеткіземін».