АҚШ Ресейді терроризмді демеуші мемлекет деп жариялайды
ВАШИНГТОН. 25 шілде. АҚШ Ресейді Украинаға кең ауқымды соғыс ашу барысындағы әрекеттеріне байланысты терроризмге дем беруші мемлекет деп жариялауы мүмкін. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Құрама Штаттардың Украинадағы елшісі Бриджит Бринк «Азаттық» радиосына берген сұхбатында осының жайын тарқатып айтты. Ол бұл мәселенің Америка заңдарына сәйкес мұқият талдау жасауды қажет ететінін мәлімдеді.
«Ресейді терроризмге демеушілік жасаушы мемлекет деп жариялауға қатысты біз оны арнайы қарап, талқылайтын боламыз, ол Америка заңдарына сәйкес мұқият талдау жасауды қажет етеді… Біз бұған байланысты оның осындай ел болып отырғанын дәлелдей алатын барлық құралдарды қолданамыз. Алайда, біз оны жариялау жайына да өте байсалды қараймыз. Біз Ресейді өзіміздің заңдарымызға сәйкес жауапқа тартуды жалғастыра береміз», – деп жағдайды түсіндірді Бринк.
УНИАН хабарлағандай, 21 шілде күні Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннен Ресейді лаңкестікке демеуші мемлекет ретінде тануды талап еткен болатын. Ол бұлай болмаған жағдайда бұл мәселені АҚШ Конгресі алдына өзі қоятынын атап өтті.