Назарбаевты жауапқа тартуды талап еткен митинг өтті
АЛМАТЫ. 6 шілде. Бүгін оңтүстік мегаполисте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен митинг болып өтті. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Экс-президенттің отыз жылдық ойраны кезінде жасаған қылмыстарын әшкерелеп, жауапқа тартуды талап еткендер тіркелмеген «Демократиялық партияның» мүшелері болып шықты. Митинг он минуттан сәл ғана астам уақытқа созылған. Содан кейін полиция олардың оннан астамын ұтап алып кеткен.
Шеруге шыққан белсенділер онда Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, 2019 жылы президенттікті Қасым-Жомартқа беріп кеткен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынап, саяси қудалауларды еске салды.
«15 жыл түрмеде ұстап, Арон Атабекті өлтірді. Дулат Ағаділді өлтірді. Жаңаөзен мен қаңтарда қырғын жасады. Қазақты оқпен атты. Бірақ ол қылмыстардың бірде-біріне жауап берген жоқ. Ол жауап беруі тиіс» деді белсенді Инга Иманбай.
Жиналғандар «Назарбаев сотталсын», «Жанболат Мамайға бостандық» деп те айқайлады. Олардың қолында «Назарбаев режимінің құрбандары» атанған, Назарбаев кезеңінде қаза болған саясаттанушылар мен белсенділер: Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқәділов, Арон Атабек, Дулат Ағаділдің аты жазылған плакаттар болды.
Әкімшілік пен құқық қорғау орган өкілдері келіп, жиналғандарға шараның «заңсыз екенін» ескертіп, тарауды талап етті. Бұдан соң ондаған арнайы жасақ өкілі келіп, күшпен ұстап әкетті.
«Демпартия» мүшелері сәлден соң автозактан хабарлама жіберіп, Инга Иманбайға медициналық көмек керек екенін айтты. Олар жіберген видеоға қарағанда, ұстау кезінде белсенді жарақаттанған болуы мүмкін. Әзірге полиция түсініктеме бермеді.
Жуырда «демпартия» экс-президенттің туған күні яғни, 6 шілдеде «Нұрсұлтан қылмыстары» атты митинг өткізетінін хабарлаған. Олар осылайша диктатордың туған күнін «атап өтпек» болған.
Айта кетейік, 6 шілде Қазақстанда астана күні атап өтіледі. Бұл күн бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келеді.